💼1907 жылдың 16 мамырында Мемлекеттік Думада сөз сөйлеген депутат Бақытжан Қаратаев Ресей империясының қазақ жеріндегі қоныс аудару саясатын алғаш болып сынға алды. Бақытжан Қаратаев (1863-1934) – қазақтың тұңғыш заңгері. Сонымен қатар ол ар-ождан бостандығы және аграрлық комиссиялардың құрамында жұмыс істеді. Ол бірінші болып аграрлық және ұлттық мәселелерді көтеріп, Ресей үкіметінің орыс және украин шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру жөніндегі жоспарының халыққа қарсы екендігін ашық айтты.
👏Бүгін UNESCO бастамасымен халықаралық “жарық күні” атылып өтеді. Жарық – Жер бетіндегі тіршіліктің басты негіздерінің бірі.
Күн сәулесі егіннің өнімділігіне, ауа райына, маусым алмасуына, табиғи құбылыстардың түзілуіне, ағзаға қажет D дәруменінің пайда болуына және адамның рухани тыныштығына тікелей әсер етеді. 1960 жылдың 16 мамырында инженер Теодор Майман жарықтың мүмкіндіктерін зерттей отырып, алғашқы лазерді ойлап тапты.
Сондай-ақ жарық ауру тудыратын бактерияларды жоя алады. Бұны медицинада ультракүлгін шамдар арқылы кеңінен қолданады.
👥16 мамыр — екі қазақ қаламгерінің туған күні. 90 жыл бұрын ақын, филолог, фольклортанушы Оразақын Асқар (1935-2019) дүниеге келді. Ол халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының және Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты. Сонымен қатар “Тұңғыш”, “Мейірім”, “Белжайлау”, “Балқарағай”, “Өркеш”, “Орбұлақ”, “Күнгей”, “Тәуелсіздік тартулары” жыр жинақтарының авторы. Оразақын Асқар – ұлт сөзін қадірлеген қаламгер, ол ұзақ жылдар бойы халық арасында ұмыт бола бастаған тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді жинап, 20 мың жолдан тұратын қос кітап құрастырған. Ал 89 жыл бұрын балалар жазушысы Мұхамеджан Етекбаев (1936-1998) өмірге келді. Ол балаларға арналған 20 кітаптың авторы. Атап айтатын болсақ, “Алтын мүйізді киік”, “Қысық бұтақ”, “Қызыл ала автобус”, “Болатбек”, “Жапалақ туралы ертедегі”, “Алатау ертегісі”, “Жамбылдың мұражайы үйі”, “Айтолқын”, “Қара жартас хикаясы” және т.б. 1966 жылдан бастап ақтық демі таусылғанша Жамбыл мұражайының директоры болып қызмет атқарды.
👥16 мамыр — қос кино жұлдызының туған күні. Бүгін ирландиялық актер әрі продюсер Пирс Броснан 72 жасқа толды. Ол Джеймс Бонд туралы төрт фильмде басты рөлді сомдап, екі рет “әлемнің ең сымбатты ер адам” атағына ие болған. Сонымен қатар бүгін америкалық актриса және фотомодель Меган Фокс 39 жасқа толды. Ол “Трансформерлер” және “Ниндзя — тасбақалар” фильміндеріндегі басты рөлімен танымал. Актриса сұлулық үшін пластикалық хирургияға жүгінгенін жасырмайды, дегенмен беделді журналдар оны бірнеше рет әлемнің ең тартымды әйелдері тізіміне енгізген.
Сізге қай өнер иесі ұнайды: Пирс Броснан немесе Меган Фокс?