16 сәуір — Дүниежүзілік дауыс күні. Аталған күн дауыс құбылысына әрі оның адам өміріндегі ерекше рөліне назар аударуға шақырады. Дауыс – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ойымызды, сезімімізді, жан дүниемізді жеткізетін қайталанбас құрал. Дауыс арқылы біз күлкімізді де, мұңымызды да, қуанышымызды да білдіреміз.
Осы ерекше күннің аясында бір сағат үнсіздік сақтау ұсынылады. Яғни, күнделікті қарапайым шаруаларды дауысты қолданбай, ішкі тыныштықпен атқарып көру – дауыстың қадірін сезінуге себеп болмақ.
Бүгін бір сағат үнсіздікте қала аласыз ба?
🗣2019 жылы 16 сәуірде әйгілі күш экстримі шебері қазақстандық рекордсмен Сергей Цырульников Vortex Sport Battle 7 турнирінде Ресейдің ең мықты спортшысын жеңіп, ел мерейін үстем етті. Сергей – күш қолдануға арналған арнайы нөмірлер бойынша әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннес рекордтар кітабының иегері, сондай-ақ ел ішінде жеті мәрте рекорд жаңартқан спортшы. Ол Қазақстанның күш мәдениетін шетелде де танытып жүр. “Қазақстандық палуан” ауылдарда ашық жаттығуларды және ынталандыру кездесулерін өткізу үшін “Ауылдағы спорт” қозғалысын құрды. 2021 жылы оның командасы 48 ауылды аралады. Сергей – TikTok-тағы ең танымал қазақстандықтардың бірі. Оның парақшасында 4 миллионнан астам жазылушы бар.
Сергейдің қандай жазбаларын білесіз?
✍️2020 жылдың 16 сәуірінде қазақ жазушысы Баянғали Әлімжановтың “A Hundred Years on the Steppe” (“Жүз жылдық толғау”) шығармасы Ұлыбританияда беделді Hertfordshire Press баспасында жарық көрді. Бұл оқиға – қазақ халқының мәдениеті мен тарихын ағылшын тілді әлемге танытудың маңызды қадамы болды. Hertfordshire Press баспасы бұл жағынан ерекше, себебі ол Қазақстанның 50-ден астам кітабын шығарған. Бұл – біздің әдебиетіміздің жаһанға жол тартқан тағы бір жарқын мысалы.
👥16 сәуірде өмірге келген атақты адамдар. 136 жыл бұрын дыбыссыз кино өнерінің аңыз тұлғасы Чарли Чаплин (1889-1977) дүниеге келді. Оның сыртқы келбеті, яғни қара мұрты, үлкен қалпағы және қолына таяқ ұстаған бейнесі әлі күнге дейін ел есінде сақтаулы. Өнер иесі 3 дүркін “Оскар” сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар 100 жылдағы “үздік 100 кино жұлдыздарының” тізіміне енді. Бүгін қазақ әншісі әрі сазгер Марат Омаров 66 жасқа толды. Ол көптеген халықаралық және республикалық фестивальдердің лауреаты. Сонымен бірге халық сүйіп тыңдайтын көптеген әннің авторы. 2020 жылы әлемдік челленджге қосылып, “Коронавирус, кет, кет, кет!” атты көңілді әнін жарыққа шығарды.
Сізге Марат Омаровтың қай әні ұнайды?