«Үйде жатпа» күнтізбесі. 17 қаңтар: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 17 января, 2024


👩‍💻 17 қаңтар — Дүниежүзілік балалар өнертабысы күні. Бұл күн 12 жасында жүзу қанаттарын ойлап тапқан АҚШ мемлекет қайраткері Бенджамин Франклиннің (1706-1790) туған күніне орай таңдалды. Есептеуіш, батут, қарда жүретін көлік, пластилин, Брайль шрифті, үлбір құлаққаптар сынды ерекше құралдар жас өнертапқыштардың арқасында өмірімізге еніп, әлемге біршама серпіліс берді. Сол себепті балаларыңыздың қабілетіне мұқият мән беріп, айтар ойына құлақ түріңіз. Бәлкім, дәл қазір ол жаңа өнертабыс түрлерін ойластырып жатқан болар. Ең бастысы, балаларыңыздың шығармашылығына кедергі келтірмеңіз. Мүмкіндік болса, қолдау көрсетіңіз. 

Ал сіз бала кезіңізде қандай қызықты нәрсе ойлап таптыңыз?

🚗 Бүгін аспалы жол күні аталып өтеді. 1871 жылы 17 қаңтар американдық өнертапқыш Эндрю Смит Холлидей аспалы жолға патент алды. Ал екі жылдан кейін өз идеясын толық жүзеге асырды. Содан бері аспалы жол бүкіл әлемге кең етек жайды. Қазіргі таңда оны адамдар мен өнеркәсіптік тауарларды тасымалдау үшін қолданады. Әлемдегі ең ұзын әрі ең биік аспалы жол Венесуэлада орналасқан. Оның ұзындығы 12,5 км, ал 3124 метр биіктікке көтерілу бір сағатқа созылады. Ал абсолютті әлемдік рекорд орнатқан — Габондағы аспалы жол. Оның ұзындығы — 76 км. Алайда ол тек кенді тасымалдау үшін қолданылады. 

 

Ал сіз аспалы жолды ұнатасыз ба?

📆17 қаңтар Жаңа жылдық шешімдерді бұзу күні аталып өтеді. Бұл күн тек батыс елдерінде тойланғанымен, әлем халқы үшін өзекті болып келеді. Жаңа жылда өзгеруге уәде бермеген адам бар ма? Қазіргі таңда сол мақсаттарыңызды орындау үшін қандай әрекеттер жасап жатсыз? Егер орындалса — тамаша! Ал қолыңызды бір сілтеген жағдайда міндетті түрде өзіңізді кінәлау сезімі орын алады. Сәйкесінше осы сәтте адамда өз-өзіне қанағаттанбау, көңілі толмау сезімі пайда болады. Жеңілдікті сезіну үшін және жағдайыңызды қайта қарау үшін өткен уәделерді сызып, өмірге жаңа жоспар құруыңыз қажет. Мұны кейінге қалдырмай, өзгеруді бүгіннен бастаңыз.

 

Ал сіздің жоспарларыңыз өзгерді ме?

👥17 қаңтар өмірге келген танымал спортшылар. 82 жыл бұрын ең танымал боксшылардың бірі Мұхаммед Әли (1942-2016) дүниеге келді. Ол — Олимпиада чемпионы және ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы (1964-1966, 1974-1978). Оны көптеген спорттық басылым «ХХ ғасыр спортшысы» деп таныды. Ойын-сауық индустриясына қосқан үлесі үшін Мұхаммед Әли Голливудтың «Даңқ аллеясында» арнайы жұлдызға ие болды. Мұхаммед Әлидің жұлдызы тротуарда емес, Долби театрының қабырғасында орналасқан. Өйткені көпшілік пайғамбардың есімін басып өтуге қарсылық танытты. Сонымен қатар бүгін қазақ әншісі әрі актриса Жанар Дұғалова 37 жасқа толды. Өнер иесі — “Turkvision-2014” музыкалық байқауының жеңімпазы. Ол көпшілікке KeshYou эстрадалық тобының бұрынғы мүшесі ретінде танымал. Қазіргі таңда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері жеке шығармашылықпен айналысып, сегізінші фильмге түсіп үлгерді.

Сіздің ойыңызша, тарихта ең танымал боксшы кім?