«Үйде жатпа» күнтізбесі. 17 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 17 июня, 2024


🤝17 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік шөлейттену мен қуаңшылыққа қарсы күрес күні аталып өтеді. Мерекенің мақсаты – орны толмас зардаптарға әкеліп соғатын құрғақшылық мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аудару. Қазақстан үшін шөлейттену салдары құрлықтың ішкі орналасуы мен климаттың ерекшеліктеріне байланысты өзекті болып келеді. Бұған мысал – Арал теңізінің экологиялық дағдарысы.

🤗17 маусымда Дүниежүзілік қоқыс жинаушылар күні аталып өтеді. Әлемде 4,5 миллиард адам антисанитарлық жағдайд өмір сүреді. Тұрғын үйге жақын орналасқан қоқыс жәшіктері түрлі жұқпалы аурудың туындауына себеп болып, бес жасқа дейінгі балалар өліміне алып келуде. Жер шарында қоршаған ортаның ластануына байланысты минут сайын бір бала қайтыс болады. Сондықтан тәртіп пен тазалықты, қоқыстарды жинаумен әрі өңдеумен айналысатын адамдардың еңбегі денсаулығымызға жасалатын қамқорлықпен тікелей байланысты. 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

🤩2011 жылы 17 маусымда Астрахан облысында (РФ) Бөкей хан (1742-1815) кесенесінің құрылысы басталды. Ол Қазақстан тарихына Жайық пен Еділ арасындағы қазақтарды біріктіріп,  Бөкей Ордасының негізін қалаушы ретінде енді. Дәл Бөкей Ордасында 1841 жылы тұңғыш қазақ зайырлы мектебі ашылды. Оның түлектері М.Бабаджанов, Ш.Бөкеев, Р.Құрманғалиев, Ш.Жексенбаев және басқа да белгілі қазақ зиялыларының өкілдері болды. Кесене құрылысы Қазақстан мен Астрахан кәсіпкерлері жинаған қаражатқа жүргізіліп, сол жылдың қазан айында аяқталды.

🕊1876 жылы 17 маусымда Ресей империясының Ішкі істер министрлігі украин тіліндегі оқулықтар мен танымал ғылыми кітаптарды басып шығаруға тыйым салды. Бұған император Александр II жарлығы негіз болды. Тыйым салынған ақпараттарды атап айтатын болсақ: 1) украин тілінде жазылған кітаптарды шетелден Ресей империясының аумағына арнайы рұқсатсыз әкелуге; 2) украиндық театр қойылымдарын, сондай-ақ украин мәтіндері бар ноталарды басып шығару; 3) украиндық түпнұсқа туындыларды шығаруға және шет тілдерінен аудармалар жасауға; 4) кез келген кітаптарды украин тілінде басып шығаруға; 5) украин әндерiн айтуға, концерттер ұйымдастыруға; 6) бастауыш мектептерде украин тілінде сабақ беру.