«Үйде жатпа» күнтізбесі. 17 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 17 марта, 2024


👀17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күн отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. Осы тұста бүгін өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтеді.

💤Бүгін — Дүниежүзілік ұйқы күні. Түнде ұйқының дұрыс болмауы денемізге, соның ішінде миымыз бен ақыл-ой күйіне кері әсерін тигізеді. Түнде күш-қуатты жеткілікті мөлшерде жинап, таңертеңгі шаршау сезімінен алдын алу үшін ұйықтар алдында тамақ пен құрамында алкогольі бар сусындарды ішпеңіз. Түнде ересек адамдар 7-8 сағат, ал балалар 10 сағат ұйықтағаны жөн. Есіңізде болсын, күніңіздің сәтті өтуі әрі көңіл күйіңіздің көтеріңкі болуы тікелей ұйқыға байланысты.

 

🥇2019 жылдың 17 наурызында Самал Еслямова Азияның үздік актрисасы атанды. “Айка” фильмінде сомдаған басты рөлі үшін ол аталмыш марапатқа ие болды. Дәл осындай рөлі үшін 2018 жылдың мамыр айында қазақстандық кино тарихында алғаш рет 71-ші Канн кинофестивалінде Самал үздік актриса деп танылды.

 

Самал Еслямова ойнаған қандай фильмді тамашаладыңыз? 

🤫Бүгін тағы бір қызықты күндердің бірі “сыбырлау күнін” атап өтеміз. Ғалымдардың пікірінше, сыбырлап сөйлесу көңіл көтеру үшін ғана емес, арнайы терапия ретінде де жүргізіледі. Осы тұста бәсең дауыспен сөйлеп емдейтін халық емшілерін еске түсіргеніміз жөн. Сыбырлау — адамды ұйқыға шақырады. Дене жұмысын ретке келтіреді. Мұны көп жағдайда психологтар қолданып жатады. Сонымен қатар сыбырлау адамның сана-сезімі мен жүйке жүйесінің жағдайына оң әсерін тигізеді.

👥17 наурыз дүниеге келген атақты адамдар. 103 жыл бұрын қазақтың тұңғыш кәсіби кинорежиссері Дариға Тінәлина (1921-2011) дүниеге келді. Сол кезеңде аталмыш салада тек ер адамдар төбе көрсетіп жүргенде, ол әйел адамдардың да қалыс қалмайтынын дәлелдеп, көпшілікті кәсібилігімен тәнті етті. Осылайша Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атанды. Сонымен қатар 86 жыл бұрын XX ғасырдағы ең танымал балет әртістерінің бірі Рудольф Нуреев (1938-1993) өмірге келді. Ол Ленинград опера және балет театрының солисті болған кезде, 1961 жылы труппаның Париждегі гастрольдік сапарынан кейін саяси баспана сұрап, КСРО-ға қайтып бармаған алғашқы танымал адамдардың бірі атанды. Қала берді өнер иесі ағылшын балеринасы Марго Фонтейнмен 17 жылға созылған дуэтімен көпшілікке танымал болды. Мансап жолында Париж операсының балет труппасын басқарды.