«Үйде жатпа» күнтізбесі. 17 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 17 Наурыз, 2023


💤 Бүгін – Дүниежүзілік ұйқы күні. Түнде ұйқының дұрыс болмауы бүкіл денеге, соның ішінде миымыз бен ақыл-ой күйіне кері әсерін тигізеді. Түнде энергияны жеткілікті мөлшерде жинап, таңертеңгі шаршау сезімінен алдын алу үшін ұйықтар алдында тамақ ішпеңіз және құрамында алкогольі бар сусындарды ішпеңіз. Түнде ересек адамдар 7-8 сағат, ал балалар 10 сағат ұйықтағаны жөн. Есіңізде болсын, күніңіздің сәтті өтуі мен көңіл күйіңіздің көтеріңкі болуы тікелей ұйқыға байланысты!

🥇2019 жылдың 17 наурызында Самал Еслямова Азияның үздік актрисасы атанды. «Айка» фильмінде сомдаған басты рөлі үшін ол аталмыш марапатқа ие болды. Дәл осындай рөлі үшін 2018 жылдың мамыр айында қазақстандық кино тарихында алғаш рет 71-ші Канн кинофестивалінде Самал үздік актриса деп танылды.

 

Самал Еслямова ойнаған қандай фильмді тамашаладыңыз?

🤫Бүгін тағы бір қызықты күндердің бірі – сыбырлау күнін атап өтеміз. Ғалымдардың пікірінше, сыбырлап сөйлесу тек көңіл көтеру үшін ғана емес, арнайы терапия ретінде де жүргізіледі. Осы тұста, жай дауыспен сөйлеп емдейтін халық емшілерін еске түсіргеніміз жөн. Сыбырлау – адамды ұйқыға шақырады. Дене жұмысын ретке келтіреді. Мұны көп жағдайда психологтар қолданып жатады. Сонымен қатар сыбырлау адамның сана-сезімі мен жүйке жүйесінің жағдайына оң әсер етеді. 

👥17 наурыз дүниеге келген атақты адамдар. 102 жыл бұрын қазақтың тұңғыш кәсіби кинорежиссері – Дариға Тінәлина (1921-2011) дүниеге келді. Сол кезеңде осы салада тек ер адамдар бой көрсетіп жүргенде, ол әйел адамдардың мықты болатынын дәлелдеді, кәсібилігімен көпшілікті тәнті етті. Осылайша, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атанды. 

85 жыл бұрын XX ғасырдағы ең танымал балет әртістерінің бірі – Рудольф Нуреев (1938-1993) дүниеге келді. Ол Ленинград опера және балет театрының солисті болған кезде, 1961 жылы труппаның Париждегі гастрольдік сапарынан кейін саяси баспана сұрап, КСРО-дағы ең танымал «оралмағандардың» біріне айналды. Сонымен қатар ол ағылшын балеринасы – Марго Фонтейнмен 17 жылға созылған дуэтімен танымал болды. Мансап жолында Париж операсының балет труппасын басқарды.