«Үйде жатпа» күнтізбесі. 17 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 17 Желтоқсан, 2023


💡Желтоқсанның әр үшінші жексенбісінде Қазақстанда энергетика күні аталып өтеді. Бұл – энергия ресурстарын өндіріп, электр-жылу энергиясын тасымалдаумен және  сатумен айналысатын кәсіпорын қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күнді тойлау елді электрлендіру бағдарламасын еске алу үшін 1966 жылдан бастау алады. Қазақстанның заңнамалық жүйесінде Энергетиктер күні ресми мәртебесін 1998 жылы алды. 

 

Егер таныстарыңыздың арасында энергетиктер болса, оларды мерекесімен құттықтап қойыңыз.

👏1986 жылы 17 желтоқсанда қазақ жастары КСРО-ның басқару жүйесіне қарсы шықты. Бұл толқу Михаил Горбачевтың Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына елімізде бұрын-соңды жұмыс істемеген, Ресейдің Ульянов облысын басқарған Геннадий Колбинді тағайындау туралы шешіміне байланысты басталды. Таңертең Алматыдағы Республика алаңында саяси тәуелсіздікті талап еткен ұранмен алғашында 300-дей адам жиналса, кешке олардың саны 20 мыңға жетеді. Бейбіт митингке қатысушылар басшылық қызметке жергілікті халықтың өкілін тағайындауды талап етті. Алайда қазақ жастарының алаңда бой көрсетуі қайғылы оқиғамен жалғасты. Ішкі істер бөліміне 2 мыңнан астам адам жеткізілді. Қалған тұтқын Алматы түрмесінде орын тапшылығына байланысты қаладан тыс жерлерге әкетілді. Ал кейбір қатысушылар қудалау мен қуғынға ұшырады. Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы Мәскеудің өктемдігіне қарсы КСРО-дағы алғашқы жаппай шеру болды. 

☺️17 желтоқсан Қазақстанның демократиялық жаңару күні аталып өтеді. 1991 жылы Президенттің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен бұл оқиғаларға құқықтық және саяси баға берілді. Осы тұста заңсыз жауапқа тартылған азаматтар толығымен ақталып, 17 желтоқсан Демократиялық жаңару күні деп жарияланды. 2000 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты әділеттікті қалпына келтірудің соңғы нүктесі қойылған Заң қабылданды. Мұнда оларға тиісті құқықтар мен жеңілдіктер кеңейтіліп, оларды жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде белгіледі.

👥17 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. 129 жыл бұрын қазақ тіл білім саласының негізін қалаушылардың бірі Телжан Шонанұлы (1894-1938) дүниеге келді. 30-дан астам оқулықтың авторы 1917 жылы Алаш үкіметі жанындағы оқу-ағарту комиссиясының мүшесі болып сайланды. Ағартушы «Қазақ жер мәселесінің тарихы» кітабында Қазақстанның 200 жыл бойы отарлау мәселелерін қарастырған. Ол Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде және Қазақ педагогикалық институтында мұғалім, оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. Алайда 1937 жылы Кеңес өкіметінің бұйрығымен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Ал 1992 жылы ақталды. Сондай – ақ бүгін америкалық актриса, музыкант, модель әрі сәнгер Мила Йовович 48 жасқа толды. Киевтің аруы әлемге «Пятый элемент” және  “Обитель зла” фильмдеріндегі басты рөлі арқылы танымал болды. Өнер иесі қазақстандық қауын өсіретін бақшасымен айналысқанды ұнатады.