🙄1986 жылы 17 желтоқсанда қазақ жастары КСРО-ның басқару жүйесіне қарсы шықты. Бұл толқу Михаил Горбачевтің шешімімен Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен босатып, оның орнына елімізде бұрын-соңды жұмыс істемеген, Ресейдің Ульянов облысын басқарған Геннадий Колбинді тағайындауынан басталды. Таңертең Алматыда Республика алаңына шамамен 300 адам жиналып, кешке олардың саны 20 мыңға жетті. Бейбіт митиңгіге шыққан қатысушылар басшылық қызметке жергілікті ұлт өкілін тағайындауды талап етті. Алайда қазақ жастарының алаңда бой көрсетуі қатал түрде басып-жаншылып, қайғылы оқиғамен жалғасты. Нәтижесінде Ішкі істер бөліміне 2 мыңнан астам адам жеткізілді. Қалған тұтқын Алматы түрмесінде орын тапшылығына байланысты қаладан тыс жерлерге әкетілді. Ал кейбір қатысушылар қудалау мен қуғынға ұшырады. Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы КСРО-дағы Мәскеу өктемдігіне қарсы
алғашқы жаппай наразылық ретінде тарихқа енді.
🤩17 желтоқсанда Қазақстанның Демократиялық жаңару күні аталып өтеді. 1991 жылы Президенттің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен бұл оқиғаларға құқықтық және саяси баға берілді. Осы тұста заңсыз жауапқа тартылған азаматтар толығымен ақталып, 17 желтоқсан Демократиялық жаңару күні болып жарияланды. 2000 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты әділетті қалпына келтірудің соңғы нүктесі қойылған Заң қабылданды. Бұл заң желтоқсан оқиғасына қатысушыларды жаппай саяси репрессия құрбандары деп танып, оларға тиісті құқықтар мен жеңілдіктер беруді қамтамасыз етті.
🤩1903 жылы 17 желтоқсанда адамзат алғаш рет ұшақпен ұшты. Америкалық ағайындылар Уилбур мен Орвилл Райт әлемдегі алғашқы ұшақ жасап, оны өздері басқарып, басқарылатын алғашқы ұшуды жүзеге асырды. Олар өз істерін велосипед жасап, сатудан бастаған. Кәсіпкерлік қызметтен түскен қаражатты авиациялық тәжірибелер жүргізуге жұмсады. “Флайер-1” ұшағы өздері құрастырған пропеллер және қозғалтқышпен жабдықталған болатын. Бұл ұшу адамзат дамуының ең маңызды оқиғаларының бірі ретінде тарихқа енді.
👥17 желтоқсанда өмірге келген танымал тұлғалар. 130 жыл бұрын қазақ тілі білім саласының негізін қалаушылардың бірі Телжан Шонанұлы (1894-1938) дүниеге келді. 30-дан астам оқулықтың авторы 1917 жылы Алаш үкіметі жанындағы оқу-ағарту комиссиясының мүшесі болып сайланды. Ағартушы «Қазақ жер мәселесінің тарихы» кітабында Қазақстанның 200 жыл бойы отарлау мәселелерін қарастырған. Ол ҚазМУ және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында мұғалім, оқытушы, доцент қызметтерін атқарды. Алайда 1937 жылы Кеңес өкіметінің бұйрығымен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Ал 1992 жылы ақталды. Сондай — ақ бүгін америкалық актриса, музыкант, модель әрі сәнгер Мила Йовович 49 жасқа толды. Киевтің аруы әлемге «Пятый элемент” және “Обитель зла” фильмдеріндегі басты рөлі арқылы танымал болды. Өнер иесі бау-бақша ісімен айналысқанды ұнатады. Онда Қазақстаннан әкелген қауындарды өсіреді.
#күнтізбе #17желтоқсан