«Үйде жатпа» күнтізбесі. 18 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 18 Мамыр, 2023


✍️Бүгін – Қазақстанда “Түркі жазуы” күні. 2014 жылдың 18 мамырында Моңғолиядан Астанаға Күлтегін тас тақтасының көшірмесі жеткізілді. Көне түркі жазуы руна немесе сына жазуы деп аталады. Орталық Азия территориясынан түркі жазуының көптеген ескерткіштері табылды. Олардың ең танымалына Солтүстік Моңғолияда Орхон, Селенга және Тола өзендерінің жағасынан табылғандар жатады. Руна жазуы түркілердің атақты билеушілері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктерге арналған.

 

🏛 18 мамыр – Халықаралық мұражай күні. Бұл мерекені 150-ден астам ел атап өтеді. Мұражайлар адамның мәдени-ағартушылық дамуында үлкен рөл атқарады. Бүгінгі күні де оның маңызы зор. Себебі саяхатқа шыққан туристер сол елдің мұражайына міндетті түрде бас сұғады. Қазақстанда 150-ге жуық мұражай бар. Олардың көпшілігі бүгін ашық есік күнін өткізіп жатыр. Бұл күні кез келген адам барлық көрмелер мен экспозицияларды тегін тамашалай алады. 

 

Сіз мұражайларға жиі барасыз ба?

📝Бүгін поэзия сүйер қауым – Омар Хайямның (1048-1131) туған күнін атап өтеді. Аты аңызға айналған ғалым әрі философ түрлі салада еңбек етіп, танымалдылыққа ие болды. Атап айтатын болсақ, тарих, математика, астрономия, әдебиет, тіпті аспаздық білімі де болды. Ол философиялық рубаилардың авторы ретінде Иран мен бүкіл Шығыс тарихындағы көрнекті тұлғаға айналды.

 

Омар Хайямның қай рубаиасы есіңде қалды?

🫂18 мамыр өмірге келген қазақтың атақты тұлғалары. Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, дипломат, әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов 87 жасқа толды. Ол Кеңес өкіметі цензурасымен тыйым салынған «Игорь жасағы туралы жыр» және «Аз и Я» түркі элементтері туралы лингвистикалық зерттеулердің авторы. Сонымен қатар Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалыстың негізін қалаушы. 61 жыл бұрын әнші, композитор, A’Studio тобының негізін қалаушы әрі алғашқы солисті Батырхан Шүкенов (1962-2015) дүниеге келді. Өнер иесі өзіндік табиғи сүйкімділігі мен ерекше дауысының арқасында халық арасында танымалдылыққа ие болды. Оның әндері әлі күнге дейін радиостанцияларда тыңдалып, бейнебаяндары мыңдаған қаралымға ие болуда.

 

Сізге Батырхан Шүкеновтің қай әні ұнайды?