«Үйде жатпа» күнтізбесі. 18 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 18 мая, 2024


✍️Бүгін — Қазақстанда “түркі жазуы” күні. 2014 жылдың 18 мамырында Моңғолиядан Астанаға Күлтегін тас тақтасының көшірмесі жеткізілді. Көне түркі жазуы руна немесе сына жазуы деп те аталады. Орталық Азия территориясынан түркі жазуының көптеген ескерткіші табылды. Олардың ең танымалына Солтүстік Моңғолияда Орхон, Селенга және Тола өзендерінің жағасынан табылған ескерткіштер жатады. Руна жазуы түркілердің атақты билеушілері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөкке арналған.

 

 

🏛18 мамыр – Халықаралық мұражай күні. Бұл мерекені 150-ден астам ел атап өтеді. Қазіргі таңда да мұражайлардың маңызы зор, сонымен қатар күні бүгінге дейін адамның мәдени-ағартушылық дамуында үлкен рөл атқарып келеді. Мәселен, саяхатқа шыққан туристер сол елдің мұражайына міндетті түрде бас сұғып, маңызды нысандар мен этнографиялық көрмелерге ерекше назар аударады. Қазақстанда 150-ге жуық мұражай бар. Олардың көпшілігі бүгін ашық есік күнін өткізіп жатыр. Бұл күні кез келген адам барлық көрме мен экспозицияны тегін тамашалай алады. 

 

Сіз мұражайларға жиі барасыз ба?

 

✔️Бүгін поэзия сүйер қауым Омар Хайямның (1048-1131) туған күнін атап өтеді. Аты аңызға айналған ғалым әрі философ түрлі салада еңбек етіп, кең танымалдыққа ие болды. Атап айтатын болсақ, тарих, математика, астрономия, әдебиет, тіпті аспаздық білімі де болды. Ол философиялық рубаилардыңтавторы ретінде Иран мен бүкіл Шығыс тарихындағы көрнекті тұлғаға айналды.

 

Омар Хайямның қай рубаиасы есіңде қалды?

🥳18 мамыр — қазақтың қос тұлғасының туған күні. Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, дипломат, әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов 88 жасқа толды. Ол — Кеңес өкіметі цензурасымен тыйым салынған “Игорь жасағы туралы жыр” және “Аз и Я” түркі элементтері туралы лингвистикалық зерттеулердің авторы. Сонымен қатар Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалыстың негізін қалаушы. 62 жыл бұрын әнші, композитор, A’Studio тобының негізін қалаушы әрі алғашқы солисі Батырхан Шүкенов (1962-2015) дүниеге келді. Өнер иесі өзіндік табиғи сүйкімділігі мен ерекше дауысының арқасында халық арасында танымалдыққа ие болды. Оның әндері әлі күнге дейін радиостанцияларда қойылып, бейнебаяндары мыңдаған қаралымға ие болуда. 

 

Сізге Батырхан Шүкеновтің қай әні ұнайды? 

 

#күнтізбе #18мамыр #мұражай #түркі