🤩Бүгін — Қазақстанда “түркі жазуы” күні. 2014 жылдың 18 мамырында Моңғолиядан Астанаға Күлтегін тас ескерткішінің көшірмесі жеткізілді. Көне түркі жазуы руна немесе сына жазуы деп те аталады. Түркі жазба мұраларының көпшілігі Орталық Азия аумағынан табылған. Солардың ішіндегі ең танымалдары – Солтүстік Моңғолиядағы Орхон, Селенге, Толы өзендерінің бойынан табылған жазулар. Бұл руналық жазбалар белгілі түркі билеушілері – Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөкке арналған.
🤗18 мамыр – Халықаралық мұражай күні. Бұл мереке жыл сайын 18 мамырда әлемнің 150-ден астам елінде аталып өтеді. Музейлер – адамның мәдени әрі рухани дамуына үлкен үлес қосатын киелі орындар. Көптеген туристер жаңа қалаға немесе елге саяхаттағанда, сол жердегі музейлер мен этнографиялық көрмелерге барып, сол өңірдің тарихымен жақынырақ танысуды жөн көреді. Қазақстанда қазіргі таңда 150-ге жуық музей бар. Бүгін олардың көпшілігі Ашық есік күнін өткізіп жатыр. Кез келген адам көрмелерді тегін тамашалай алады.
Сіз мұражайларға жиі барасыз ба?
👤Бүгін — Омар Хайямның (1048-1131) туған күні. Аты аңызға айналған ғалым әрі философ түрлі салада еңбек етіп, кең танымалдыққа ие болды. Атап айтатын болсақ, тарих, математика, астрономия, әдебиет, тіпті аспаздық білімі де болды. Ол философиялық рубаилардың авторы ретінде Иран мен бүкіл Шығыс тарихындағы көрнекті тұлғаға айналды.
Омар Хайямның қай рубаиасы есіңде қалды?
👥18 мамыр — қазақтың қос тұлғасының туған күні. Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, дипломат, әдебиеттанушы Олжас Сүлейменов 89 жасқа толды. Ол — Кеңестік цензура тыйым салған “Игорь жасағы туралы жыр” және “Аз и Я” түркі элементтері туралы лингвистикалық зерттеулердің авторы. Сонымен қатар адамзат тарихындағы ең ірі бейбітшілік бастамалардың бірі – “Невада — Семей” антиядролық қозғалысының негізін қалаған тұлға. 63 жыл бұрын әнші, композитор, A’Studio тобының негізін қалаушы әрі алғашқы солисі Батырхан Шүкенов (1962-2015) дүниеге келді. Өнер иесі өзінің табиғи сымбаттылығымен, жан тербететін үнімен халықтың жүрегінен орын алды. Оның әндері әлі күнге дейін радиоларда шырқалып, бейнебаяндарын мыңдаған адам тамашалайды.
Сізге Батырхан Шүкеновтің қай әні ұнайды?