«Үйде жатпа» күнтізбесі. 18 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 18 июня, 2023


🩺 Маусымның үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мереке Қазақстан Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленді. Аталмыш күні Армения, Беларусь, Молдова, Украина және Ресейдің медицина қызметкерлеріне де құттықтаулар келіп жатады. «Медицина» грек тілінен аударғанда «емдеу өнері» дегенді білдіреді. Бұл сала мамандары қоғамда әрқашан сұранысқа ие. COVID-19 пандемиясы медицина қызметкерлерінің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді.

 

Дәрігерлерді білсеңіз, міндетті түрде мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

📺 2006 жылы 18 маусымда 04 сағат 44 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан телехабар тарату, байланыс және мәліметтерді тасымалдауға арналған тұңғыш қазақстандық «KazSat-1» спутнигі ұшырылды. Қазақстан мен Ресей президенттері спутниктің ұшырылуын бақылау үшін арнайы ғарыш айлағына келді. Жерсерікті біздің мамандар Қазақстан аумағынан басқарды. 2009 жылы сәтсіздіктерден кейін спутник жерлеу орбитасына ауыстырылды. 2011 және 2014 жылдары ғарышқа KazSat-2 және KazSat-3 спутниктері ұшырылды. Олар сәтті жұмыс істеуде. 

👨‍👩‍👧‍👦 18 маусым күні 84 мемлекет Халықаралық әкелер күнін атап өтеді. Бұл күнді өткізудегі мақсат – әкелерді тек әулеттің мұрагері әрі отбасын материалдық қамтамасыз етуге жауапты адам ретінде ғана емес, сонымен қатар тәрбие үрдісінің маңызды қатысушысы ретінде әкелердің рөлін ерекше көрсету. Себебі балалардың психологиялық және физикалық тұрғыдан дамуы отағасына байланысты.

 

Әкеңізді мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз! 

👥18 маусым өмірге келген атақты адамдар. Бүгін The Beatles тобының негізін қалаушы, Грэмми сыйлығының 16 дүркін иегері және MBE сэр Пол Маккартни 81 жасқа толды. Ол бірнеше рет Гиннестің рекордтар кітабына ең табысты музыкант әрі композитор ретінде енгізілді. Сонымен қатар өнер иесі 1,2 миллиард доллар байлығымен әлемдегі ең бай рок-музыкант. Бүгін ресейлік эстрада әртісі, әзілкеш, актер, тележүргізуші, Алла Пугачеваның күйеуі Максим Галкин 47 жасын атап өтеді. 2022 жылы ол әйелі және балаларымен Израильге кетіп, Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қарсы шықты. Содан бері ол концерттерден тапқан ақшаның бір бөлігін украиндық қорға аудара бастады. Осылайша Максим Ресейдегі барлық жарнамалық келісімшарттар мен концерттерден қол үзді.

 

Сізге кім ұнайды: Пол Маккартни немесе Максим Галкин?