«Үйде жатпа» күнтізбесі. 18 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 18 апреля, 2025


📚2020 жылы 18 сәуірде Халықаралық Түркі академиясы көпшілікке ғылыми еңбектерін тегін оқуға мүмкіндік берді. Онлайн кітаптар қазақ, түрік, әзірбайжан, ағылшын, қырғыз, орыс, моңғол және басқа да туысқан халықтар тілінде жарыққа шықты. Олардың мазмұны түркі әлемінің тарихына, бай әдеби мұрасына, тарихи жазба ескерткіштері мен түркі тілдеріне қатысты зерттеулерге негізделген. Сонымен қатар еңбекте туысқан елдердің этнографиясы, фольклоры мен салт-дәстүрі қамтылған.

Кітаптарды мына сілтемеге өту арқылы таңдай аласыз: https://turkicacademy.org/kz/izdaniya/knigi/vse

🙌18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл күннің мақсаты – әлемдік мәдени мұраны қорғау және сақтауға қоғам назарын аудару. Қазіргі таңда “Мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі” дүниежүзілік конвенцияға 175 мемлекет мүше. Ал 122 елде Дүниежүзілік 754 мұра нысаны ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Оның бесеуі Қазақстанда орналасқан. Сонымен бірге осы тізімге Қазақстан аумағынан тағы 14 нысан енгізілуі мүмкін. 

Ал сіз Қазақстандағы қандай Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи ескерткіштерді білесіз?

👏2013 жылдың 18 сәуірінде қазақ ғалымы Сағымбек Алтайұлына «Өнертапқышты дамытуға қосқан үлесі үшін» Альфред Нобель медалі табысталды. Бұл беделді марапат – адамзат игілігіне қызмет ететін, халық шаруашылығына зор пайда әкелетін жаңалықтардың авторларына табысталатын ерекше құрмет. Сағымбек Алтайұлы – 25-тен астам патент пен авторлық куәліктің иегері, ғылыми еңбектердің авторы, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген ұстаз.

Араңызда Сағымбек Алтайұлының шәкірттері болса, осы айтулы күнде ардақты ұстазыңызды шын жүректен құттықтауды ұмытпаңыздар.

 

🗣Сонымен қатар бүгін — Халықаралық жонглерлер күні. Мыңдаған жылдар бойы жандылығы мен әсерлілігін жоғалтпаған бұл өнер түрі – әлемдегі ең қызықты көріністердің бірі. Аспанға зымыраған табақтар мен шеңберлер, қолға ілінген доптар — көрерменнің таңданысын тудырып, цирк өнерінің айнымас бөлшегіне айналған. Жонглерлік шеберлікті шыңдау үшін арнайы жағдайдың қажеті жоқ — қай жерде болса да жаттығып, шеберлігіңізді көрсете аласыз.

Ал сіздің жонглерлікті үйренуге талпынысыңыз болды ма?