«Үйде жатпа» күнтізбесі. 18 тамыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 18 августа, 2023


🪖18 тамыз – Қазақстан шекарашылары күні. Еліміздегі шекара әскерлері қазіргі заманғы нысанда штабы Алматы қаласында орналасқан Шығыс шекара округінің әскери қызметшілерінен жасақталды. Қазақстанның шекара қызметі құрылған алғашқы жылдары басқарушы кадрлардың тапшылығын бастан өткерді. Бірақ қазір шекара әскерлеріндегі кадр тапшылығы мәселесі шешілді. Барлық қажетті мамандар республиканың өзінде дайындалады.

 

Егер таныс шекарашыларды білсеңіз, оларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз! 

☝️18 тамыз “Ешқашан артқа шегінбе” деген ұранмен мотивациялық күн аталып өтеді. Кейде өмірде мақсатқа жету үшін істеліп жатқан барлық жұмыс пен күш-жігер бекер болып көрінетін жағдайлар болады. Өзіне сенімді, ішкі тірегі бар адам ешбір жағдайдың қысымына мойымайды және алға қойған міндеттерден бас тартпайды. Кез келген мәселе мінезін қатайтынын түсінетін адамдар төзімділікпен, шыдамдылықпен ерекшеленеді. 

Біздің бейнежазбада мотивацияңызды оятуға арналған қарапайым кеңестер берілген: https://youtube.com/shorts/iEB85Yh_JuU?feature=share

💪2016 жылы 18 тамызда Рио-де-Жанейрода 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшы Данияр Елеусінов жеңіске жетіп, Қазақстанға үшінші алтынды әкелді. Даниярға дейін бұл салмақта 2012 жылы Лондонда Серік Сәпиев, 2008 жылы Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев, 2004 жылы Афиныда Бақтияр Артаев жеңіске жетті. Бұл Олимпиада тарихындағы екінші дерек. Яғни, бір елдің боксшылары қатарынан төрт рет бір салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен. 

 

Келесі жылы Парижде өтетін ойында боксшыларымыз алтын медальға ие болады деп үміттенеміз!

👥18 тамыз — атақты екі актердің туған күні. Бүгін американдық актер, кинорежиссер, продюсер және бизнесмен Роберт Редфорд 87 жасқа толды. Ол әлемдік кинематография тарихындағы дебюттік фильмі үшін Оскар алған алты режиссердің бірі. Көпшілікке “Шпионские игры” және “Непристойное предложение” фильмдеріндегі рөлі арқылы жақсы таныс. Сондай-ақ 71 жыл бұрын американдық актер, биші, әнші және ән жазушы Патрик Суэйзи (1952-2009) дүниеге келді. Өнер иесі үш мәрте “Алтын глобус” сыйлығына үміткер болды. Ол “Грязные танцы”, “Привидение” және “На гребне волны” фильмдеріндегі рөлімен танымал. 

 

Сізге қай актер ұнайды: Роберт Редфорд немесе Патрик Суэйзе?