«Үйде жатпа» күнтізбесі. 18 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 18 декабря, 2023


🤓18 желтоқсанда БҰҰ бастамасымен Халықаралық мигранттар күні аталып өтеді. Ежелгі заманнан бері адамдар жақсы мүмкіндіктер мен қолайлы өмірді іздеуге әуес. Климаттың өзгеруі, демографиялық факторлар, тұрақсыздық, теңсіздік және адамдардың жақсы өмірге деген ұмтылысы мен еңбек нарығындағы қанағаттандырылмаған қажеттіліктер көші-қон үрдісі жалғасатынын білдіреді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 13 мыңнан астам адам көшіп келді. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш  87% — ға өскен. Елімізге мигранттардың басым бөлігі Ресейден келеді. 

Ал сіз мигранттарға қалай қарайсыз?

 

✍️Бүгін — араб тілі күні. 1973 жылы 18 желтоқсанда араб тілі БҰҰ-ның ресми және жұмыс тілдерінің қатарына енді. Қазіргі уақытта араб тілінде 400 миллионға жуық адам сөйлейді. Әрине, әлемдегі мұсылмандар үшін араб тілі — Құран тілі.

БҰҰ-да неше ресми тіл бар?

 

🗣2017 жылы 18 желтоқсанда қазақстандық жас әнші Данэлия Тулешова украиналық «Голос. Діти» байқауының жеңімпазы атанды. Оның орындаған «Stone Gold» әнінің бейнебаяны YouTube-те 84 миллион қаралым жинады. Сонымен қатар Данэлия Қазақстан атынан “Junior Eurovision 2018” ән байқауында алғаш рет өнер көрсетіп, “Балалардың жаңа толқыны — 2015” байқауында “Көрермен таңдауы” және “BraVo” сыйлықтарының иегері атанды. Қазір 17 жастағы әнші Америкада тұрып, жұмыс істейді.

👥18 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. Бүгін 60 — тан астам фильмде ойнаған американдық актер Брэд Питт 60 жас мерейтойын атап өтеді. Өнер иесі “Оскар” мен “Алтын глобус” сыйлығын екі мәрте иеленіп, бүкіл әлемге танымал болды. Қаншама жылдар бойы Брэд Голливудтың басқа да актерлерімен бірге кино сүйер қауымның танымал секс символы мен кумирі болып келеді. Сонымен қатар бүгін қазақ тележүргізушісі, продюсер әрі блогер Лайлә Сұлтанқызы 46 жасқа толды. Көптеген кәсіби және мемлекеттік сыйлықтардың иегері 1997 жылдан бастап телевизия саласында жұмыс істейді. Ең танымал қазақстандық блогердің Instagram парақшасында 3,3 миллион жазылушысы бар.

 

Сізге қазақстандық тележүргізушілерінен кім ұнайды?