🐋19 ақпан – Дүниежүзілік кит күні. Бұл экологиялық күн киттерді ғана емес, сонымен қатар теңіз бен мұхиттарда тіршілік ететін басқа да тіршілік иелерін қорғау күні ретінде аталып өтеді. Аталған күн 1986 жылы бекітілді. Дәл сол жылы Халықаралық кит аулау комиссиясы кит аулауға мораторий енгізіп, оның күшіне енуі әлемдік деңгейде киттерді қорғаудың маңызды қадамы болды. Алайда кейбір елдерде кит аулауға шектеулі түрде рұқсат берілген. Мысалы, Жапонияға ғылыми мақсатта кит аулауға рұқсат етілгенімен, экологтар бұл шешімге күмәнмен қарайды. Себебі жапон мейрамханаларында және ет дүкендерінде кит етінің сатылуы бұл рұқсаттың шынайы мақсатынан ауытқығанын көрсетеді.
Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?
👀Бүгін — Халықаралық арқан тарту күні. Бұл мейрам ежелден келе жатыр, тіпті бір кездері Олимпиада ойындарының бағдарламасына да енген. Қазіргі таңда арқан тарту түрлі мерекелік шарада командалық ойын ретінде өткізіліп, қатысушылардың күшін сынайтын қызықты жарысқа айналды. Айта кету керек, адамдардың арқан тартып жатқан ең көне бейнесі шамамен 4 000 жыл бұрын салынған. Демек, бұл ойынның тарихы тереңде жатыр.
Сізге арқан тарту ойыны ұнай ма?
💃Бүгін әлемдегі дизайнерлер және қыздар қауымы Photoshop күнін тойлайды. 1990 жылы 19 ақпанда Photoshop бағдарламасының алғашқы 1.0 нұсқасы жарыққа шықты. Оны Томас Нолл әзірлеген. “Photoshop керемет дүниені жасап шығарады!” деген ұранды жиі естіп жүрген боларсыз. Бағдарламаның шексіз мүмкіндіктері суреттерді мінсіз етіп өңдеуге, тіпті шынайы өмірде мүмкін емес нәрселерді жасауға мүмкіндік береді. Кейде оның күші күлкілі, таңғажайып, тіпті таңдандыратын нәтижелерге әкеледі. Алайда бұл құралдың кәсіби мақсаттағы маңызы зор.
Сіз рhotoshop-ты жиі қолданасыз ба?
👥19 ақпанда дүниеге келген танымал тұлғалар. 104 жыл бұрын ұлттық мемлекеттіктің қалыптасуы мен эволюциясының негізін қалаған қазақ ғалымы Салық Зиманов (1921-2011) дүниеге келді. Оның жетекшілігімен “Қазақ құқығының көне әлемі” атты 10 томдық энциклопедия әзірленді. Салық Зиманов – Алматы қаласының және Атырау облысының Құрметті азаматы. Сонымен бірге бүгін Пуэрто-Рикодан шыққан америкалық актер Бенисио Дель Торо 58 жасқа толды. Өнер иесі негізінен криминал жанрындағы фильмдер арқылы танымал болғанымен, классикалық драмалық бағытта да шебер ойнайды. Актер “Оскар” және басқа да көптеген беделді марапаттардың иегері.
Сізге Бенисио Дель Тороның қай фильмі ұнайды?