«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 Мамыр, 2023


💰1995 жылы 19 мамыр Алматыда Банкнот фабрикасы ашылды. Бұл уақытқа дейін теңге Ұлыбританияда басылып келді. Қазір фабрикада банкноттардан басқа жүзден астам өнім түрі – төлқұжат, сертификат, диплом, акциздік маркалар шығарылады. Зауыт іскерлік әлемде беделі жоғары. Теңгенің дизайны мен қорғалуы көптеген халықаралық марапатқа ие болды.

Сіздің ойыңызша, қай банкноттың дизайны әдемі?

💃Бүгін Түркияда Ататүрікті еске алу күнімен қатар, Жастар және Спорт күні аталып өтеді. 1919 жылы 19 мамырда Ұлттық революциялық қозғалыс пен тәуелсіздік үшін соғыстың жетекшісі Мұстафа Кемал Ататүрік шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Бұл –  Ататүрік өзінің туған күні деп санаған әрі Түркияда азаттық соғысының ресми басталған күніне байланысты жарияланған. 1938 жылдан бастап аталмыш күн Жастар және спорт күні болып белгіленді. Өйткені ұлт-азаттық қозғалыстың өзегін жастар құрады.

Түріктердің арасында таныстарыңыз болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

🧠Бүгін пазл әуесқойлары Рубик кубигі күнін тойлайды. 1975 жылы 19 мамырда венгр математигі Эрне Рубик осы интеллектуалдық ойыншыққа патент алды. Содан бері әлемге әйгілі басқатырғыштың 450 миллионнан астам данасы сатылды. Дүниежүзінің әрбір үшінші тұрғыны өмірінде кем дегенде бір рет Рубик текшесін шешуге тырысқаны рас. Ал кейбіреуі тіпті жарыстарға да қатысты. 2018 жылы рекордсмен Қытай тұрғыны Ду Юшэн болды. Ол 3,47 секундта «сиқырлы текшенің» барлық түсін тапты. 

Сіз Рубик текшесінің барлық жағын сәйкестендіре алдыңыз ба?

👥19 мамыр өмірге келген танымал әншілер. Бүгін қазақтың тұңғыш продюссерлерінің бірі Қыдырәлі Болманов 59 жасқа толды. Оның жобалары – «АБК» тобы, Рахат Тұрлыханов, Қарақат Әбділдина, Бангор, Нұржан Қалжан және «Ұлытау» тобы халықтың ерекше ықыласына бөленді. Қазіргі таңда өнер иесі әкімшілік жұмыстармен, кәсіпкерлікпен айналысады. Сонымен қатар бүгін британдық әнші-композитор Сэм Смит 31 жасқа толды.  Ол Грэмми, Оскар және басқа да беделді сыйлықтардың иегері.

Қадырәлінің қай жобасын ұнатасыз?