«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 Маусым, 2023


🤐19 маусым – БҰҰ бастамасымен жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні. Бұл күні түрлі қақтығыстарда бітімгершілік қызметін атқаратын халықаралық ұйымдар елдердің басшылары мен әлемдік қауымдастықты зорлық-зомбылықтың барлық көрінісін тоқтатуға, сондай-ақ қақтығыс аймағында зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырады. Әлемдегі қазіргі жағдай бұл мәселені тағы да өзекті етті. 

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

⚽️19 маусым – Дүниежүзілік балалар футболы күні. Бұл ойын – қолжетімді спорт түрлерінің бірі. Сондықтан бүкіл әлем бойынша миллиондаған балалардың бос уақытын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аталмыш ойын түрі физикалық төзімділіктен бөлек, балаларды бірлікке, ұйымшылдыққа, достыққа үйретеді. Сонымен қатар табандылық пен алғырлыққа, ептілікке, жинақылыққа тәрбиелейді. Басқа ойындар сияқты футбол да ережелерге негізделген. Ал балалар ережені ұстану арқылы, оның өмірде не үшін қажет екенін түсінеді.

 

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі футболшылар қашан шығады деп ойлайсыз? 

💫2018 жылдың 19 маусымында Шымкент республикалық маңызы бар қала атанып, облыстың әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Осылайша облыс орталығы Түркістан қаласы болып өзгертілді. Жоспар бойынша Шымкент осы мәртебе бойынша дамудың жаңа мүмкіндіктерін алуы керек еді. Түркістан өлкесі түркі әлемінің рухани-мәдени астанасының бейнесін қалпына келтіруі тиіс еді. Өйткені бұл аймақ өзінің ежелгі тарихымен, қайталанбас табиғатымен және мәдени нысандарымен ерекшеленеді. Өңірдегі туристік әлеуетті дамыту үшін мәдени-тарихи орталықтар, театрлар, мейрамханалар, аквапарктер, ойын-сауық орталықтары, қонақүйлер және басқа да нысандар жылдам салынды. 

 

Осы тұста Шымкент пен Түркістан облысының оқырмандарына бір сұрақ қойғымыз келеді. Осы оқиғадан кейін қарапайым адамдар қалай өзгерді? Пікір қалдыра кетіңіздер.🤔

🎉19 маусым дүниеге келген танымал адамдар. 139 жыл бұрын Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаев (1884-1976) дүниеге келді. Ол бүкіл қазақ жерін шарпыған 1916 жылғы халық көтерілісіне белсене қатысты. Кенен Әзірбаевтың 200-ден астам толғауы жазылып, жеке жинақ болып шығарылды. Мұнда ол қарапайым еңбек адамдарының өмірін жырлады. Сонымен қатар бүгін америкалық актриса әрі биші Зои Салдана 45 жасқа толды. Ол күрделі макияжды қажет ететін рөлдерді өте шебер сомдап шығады. Осы тұста біз оны Галактика сақшылары фильмінде Гамора кейіпкері ретінде танысақ, ал «Аватардан» Нейтири ретінде білеміз.

 

Сізге қай фильм ұнайды: Галактика сақшылары немесе Аватар?