«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 июня, 2024


🌝19 маусымда БҰҰ бастамасымен жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні аталып өтеді. Бұл күні түрлі қақтығыстарда бітімгершілік қызметін атқаратын халықаралық ұйымдар елдердің басшылары мен әлемдік қауымдастықты зорлық-зомбылықтың барлық көрінісін тоқтатуға, сондай-ақ қақтығыс аймағында зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырады. Әлемдегі қазіргі жағдайларды ескерсек, бұл мәселе  әлі де өзекті. 

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

⚽️19 маусым — Дүниежүзілік балалар футболы күні. Бұл қолжетімді спорт түрінің бірі болғандықтан, әлем бойынша миллиондаған бала бос уақытында емін-еркін айналыса алады. Аталмыш ойын түрі физикалық төзімділіктен бөлек, балаларды бірлікке, ұйымшылдыққа, достыққа үйретеді. Сонымен қатар табандылық пен алғырлыққа, ептілікке, жинақылыққа тәрбиелейді. Басқа ойындар сияқты футбол да белгілі бір ережелерге негізделген. Ал балалар ережені ұстану арқылы, оның өмірде не үшін қажет екенін түсінеді.

 

Қалай ойлайсыз, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі футболшылар қашан шығады? 

 

👀2018 жылдың 19 маусымында Шымкент республикалық маңызы бар қала атанып, облыстың әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Осылайша облыс орталығы Түркістан қаласы болып өзгертілді. Жоспар бойынша Шымкент осы мәртебе бойынша дамудың жаңа мүмкіндіктерін алуы керек еді. Ал Түркістан өлкесі түркі әлемінің рухани-мәдени астанасының бейнесін қалпына келтіруі тиіс болатын. Өйткені бұл аймақ өзінің ежелгі тарихымен, қайталанбас табиғатымен және мәдени нысандарымен ерекшеленеді. Өңірдегі туристік әлеуетті дамыту үшін мәдени-тарихи орталықтар, театрлар, мейрамханалар, аквапарктер, ойын-сауық орталықтары, қонақүйлер және басқа да нысандар жылдам салынды. 

 

Шымкент пен Түркістан облысындағы оқырмандарымызға бір сұрақ қойғымыз келеді. Осы оқиғадан кейін қарапайым адамдар қалай өзгерді? Пікірге жаза кетіңіздер. 

👥19 маусым — қос тұлғаның туған күні. 140 жыл бұрын Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың шәкірті Кенен Әзірбаев (1884-1976) дүниеге келді. Ол бүкіл қазақ жерін шарпыған 1916 жылғы халық көтерілісіне белсене қатысты. Кенен Әзірбаевтың 200-ден астам толғауы жеке жинақ болып жарыққа шықты. Мұнда ол қарапайым еңбек адамдарының өмірін жырлады. Сонымен қатар бүгін америкалық актриса әрі биші Зои Салдана 46 жасқа толды. Ол күрделі макияжды қажет ететін рөлдерді өте шебер сомдап шығады. Осы тұста көпшілік оны “Галактика сақшылары” фильмінде Гамора кейіпкері ретінде таныса, ал “Аватар” туындысында Нейтири ретінде біледі.

 

Сізге қай фильм ұнайды: Галактика сақшылары немесе Аватар?