«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 марта, 2025


🌷19 наурыз – Жаңару күні, бұл әрбір қазақстандықтың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіретін ерекше мейрам. Наурыз – тек қуанышты сәттер мен мерекелік көңіл күй ғана емес, өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа жаңа мақсат қоюдың уақыты.Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа көшеттер отырғызылып, табиғат жаңғырады. Сол секілді біз де өзімізге биік белестерді бағындыруды мақсат етіп, болашағымыздың берік іргетасын қалайық.

Баршаңызды көктемнің жарқын мерекесі – Жаңару күнімен құттықтаймыз! 

🚀Бүгін — Халықаралық тұтынушылар күні. Кез келген кәсіпкер үшін ең маңызды тұлға – тұтынушы. Себебі олар болмаса, кәсіптің алға басуы қиын. Сондықтан тұтынушыларды жылына бір рет қана емес, күн сайын маңыздылығын айшықтап отырған жөн. Заман талабына сай әр адамда таңдау мүмкіндігі бар екенін ескерсек, тұтынушыңыздан қағылып қалу ықтималдығы жоғары.

Егер сіз кәсіпкер болсаңыз, тұтынушыларыңызды мерекесімен  құттықтап қойыңыз! 

💸1831 жылы 19 наурызда әлемде алғаш рет ірі банк тоналды. АҚШ-та ағылшын эмигранты Эдвард Смит Нью-Йорктегі City Bank of New York бөлімшесіне баса-көктеп кіріп, сол кездегі ғаламат сома – 245 мың долларды ұрлап кетті. Алайда қылмыскер көп ұзамай ұсталып, небәрі 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиғадан кейін барлық банктер күзет қызметін күшейтіп, қауіпсіздік шараларын екі есе арттырды. Бірақ, соған қарамастан, банк бөлімшелерін, пойыздарды және инкассатор көліктерін тонау кеңінен таралып, кинематографта да қызықты тақырыптардың біріне айналды.

Сізге банк тонау туралы қандай фильмдер ұнайды?

👥19 наурыз — қос тұлғаның туған күні. 126 жыл бұрын қазақтың тұңғыш инженер әйелі Мәдина Бегалиева (1899-1974) дүниеге келді. Ол қазақ қыздарының құқығы үшін күрескен жан. Бегалиеваның бұл әрекетке баруына 14 жасында құрбысын малға сатып, 60 жастағы қарияға күштеп күйеуге беруі әсер еткен еді. Сонымен қатар бүгін неміс текті америкалық киноактер, продюсер әрі музыкант Брюс Уиллис 70 жас мерейтойын атап өтеді. Ол Голливудтағы ең табысты әрі жоғары жалақы алатын актерлердің бірі. Екі жыл бұрын сырқатына байланысты өнер жолындағы мансабын аяқтауына тура келді. Ал қазіргі таңда Брюске деменция диагнозы қойылды.

 

Сізге Брюс Уиллистің қай фильмі ұнайды?