«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 Наурыз, 2024


👀19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылған болатын. 

👍Бүгін – Халықаралық тұтынушылар күні. Кез келген кәсіпкер үшін ең маңызды тұлға – тұтынушы. Себебі олар болмаса, кәсіптің алға басуы қиын. Сондықтан тұтынушыларды жылына бір рет қана емес, күн сайын маңыздылығын айшықтап отырған жөн. Заман талабына сай әр адамда таңдау мүмкіндігі бар екенін ескерсек, тұтынушыңыздан қағылып қалу ықтималдығы жоғары.

Егер сіз кәсіпкер болсаңыз, тұтынушыларыңызды мерекесімен  құттықтап қойыңыз! 🥳

💼5 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетті. Ол 1989 жылдан бері билікте болған еді. Бұл мәлімдемені 2019 жылы 19 наурызда сағат 19:19-да республикалық телеарналардың тікелей эфирінде жасады. Назарбаев “Елбасы” атағын 2010 жылы ресми алған болатын. Алайда өткен жылғы парламент отырысынан кейін ол аталмыш атақтан айырылды. 

 

💰1831 жылы 19 наурызда әлемде алғаш рет ірі банк тоналды. Америка Құрама Штаттарында Эдвард Смит есімді ағылшын иммигранты Нью-Йорк Сити банкінің бөлімшесіне кіріп, 245 000 долларды ұрлаған. Бұл сол кездегі үлкен сома еді. Нәтижесінде ұры қолға түсіп, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Осы оқиғадан кейін барлық банк қауіпсіздік шараларын екі есе арттыруға мәжбүр болды. Алайда сол уақыттан бері банк бөлімшелерін, пойыздар мен көлік құралдарын тонау танымал қылмыстық әрекетке айналды. Сондай-ақ аталмыш көрініс режиссерлердің жиі қолданатын сүйікті сюжеттерінің бірі болды.

👥19 наурыз қос тұлғаның туған күні. 125 жыл бұрын қазақтың тұңғыш инженер әйелі Мәдина Бегалиева (1899-1974) дүниеге келді. Ол қазақ қыздарының құқығы үшін күрескен жан. Бегалиеваның бұл әрекетке баруына 14 жасында құрбысын малға сатып, 60 жастағы қарияға күштеп күйеуге беруі әсер еткен еді. Сонымен қатар бүгін неміс текті америкалық киноактер, продюсер әрі музыкант Брюс Уиллис 69 жасқа толды. Ол Голливудтағы ең табысты әрі жоғары жалақы алатын актерлердің бірі. Екі жыл бұрын сырқатына байланысты өнер жолындағы мансабын аяқтауына тура келді. Ал өткен жылы Брюске деменция диагнозы қойылды.

 

Сізге Брюс Уиллистің қай фильмі ұнайды? 🍿