«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 Сәуір, 2024


🏛1735 жылы 19 сәуірде Орынбор қаласының негізі қаланды. Қазір қала Ресейдің бір бөлігі болғанымен, біздің халқымыз үшін бұл қаланың тарихи маңызы зор. Мұнда 1913 жылы тұңғыш “Қазақ” газеті басылып шығарылды. Сонымен қатар 1917 жылы бірінші және екінші жалпықазақ съезі өтіп, нәтижесінде Қазақ ұлт-азаттық “Алаш” партиясы құрылып, Алаш Орда республикасы жарияланды. 1920-1925 жылдары Орынбор Қазақстанның астанасы болды. 1925 жылы Кеңес өкіметінің шешімімен Орынбор мен оның облысы Ресейге өтіп, астана Қызылорда қаласына көшірілді.

Тағы қай қала Қазақстанның астанасы болды?

🌸19 сәуірде бәйшешек күні аталып өтеді. Климаттық аймаққа байланысты бәйшешектің гүлденуі қаңтарда басталып, сәуірде аяқталады. Бұл мереке алғаш рет 1984 жылы Англияда аталып өтті. Бүгінде ол халықаралық мәртебеге ие. Сондықтан әлемнің көптеген елінде ерекше қуанышпен тойланады.

Биыл бәйшешек теріп үлгердіңіз бе?

👨‍🏫1928 жылы 19 сәуірде ағылшын тіліндегі алғашқы Оксфорд сөздігі басылып шықты. Аталмыш сөздіктің бірінші басылымында 500 мыңға жуық сөз және 5 мыңнан астам автордың 20 мыңға жуық шығармасынан 2 млн-ға жуық дәйексөз болды. Оксфорд – халықаралық дәрежедегі ағылшын тіліндегі ең танымал әрі ең ірі академиялық сөздіктерінің бірі. Бүгінде ағылшын тілі 54 елдің ресми тілі болып есептеледі. Бұл тілде шамамен 1,5 миллиард адам сөйлейді. Өткен жылдың соңында Oxford Qazaq Dictionary алғашқы қазақ-ағылшын сөздігі жарыққа шыққанын атап өткен жөн. Осылайша, қазақ тілі әлемнің 100 маңызды әрі базалық тілдерінің сөздік құрамын біріктіретін жалпы жаһандық тілдік корпусқа енді.

👥19 сәуір – қос тұлғаның туған күні. Бүгін пианист, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова 67 жасқа толды. Ол 20 жылға жуық Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметін атқарды. Өнер иесінің бастамасымен “Классика” музыкалық агенттігі құрылды. Сонымен қатар ол бірнеше халықаралық жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде Францияда өткен “Kazakh Seasons” фестивалін, 18-ден астам елде ұйымдастырған концерттерін, 30-дан астам жарыққа шығарған компакт-дискілері мен Қазақстанның өнер иелері туралы түсірген 20-дан астам музыкалық фильмдерін атап өтуге болады. Сонымен қатар бүгін америкалық актриса, “Алтын глобус” сыйлығының иегері Кейт Хадсон 45 жас мерейтойын атап өтеді. Мансап жолында ол 30-дан астам фильмге түсті. Ал сән журналдары әртісті бірнеше мәрте әлемдегі ең әдемі әйел деп атады. 

Сізге Кейт Хадсонның қандай фильмдері ұнайды?