«Үйде жатпа» күнтізбесі. 19 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 19 декабря, 2024


🙄19 желтоқсанда БҰҰ бастамасымен халықаралық кедейлерге көмек көрсету күні аталып өтеді. Мәліметтерге сүйенсек,  2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, күнкөріс деңгейінен (43 400 теңге) төмен табысқа ие халықтың үлесі 5,4%-ды құрады. Бұл 1 миллионнан астам адам. 2024 жылғы жалақы деңгейі бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 97 мемлекеттің ішінде 67-орынды иеленді. Бір өкініштісі, табысы төмен елдердегі балалар бірдей қабілетке ие болса да, табысы жоғары елдердегі құрдастарына қарағанда табысқа жету мүмкіндіктері әлдеқайда аз. Сондықтан кедейлікпен күресу адамзаттың басты мәселесі болып қала бермек. 

 

👇19 желтоқсанда белсенді өмір салтын ұстанатындар скиппинг күнін атап өтеді. Әрбір адамның балалық шағында сүйікті ойындардың бірі секіртпеден секіру болғаны рас. Осы тұста фитнес жаттықтырушылары ересек өмірде де мұндай физикалық белсенділіктің көбірек болғанын құптайды. Бұл кардиоға арналған жабдықты толық алмастыра алады. Сонымен қатар бұл  боксшылардың ең негізгі жаттығуы және жеке спорт түрі ретінде де қарастырылады. 1997 жылдан бастап скиппингтен  халықаралық жарыстар өткізіліп келеді. Онда спортшылар өз дағдыларын жалғыз немесе 6 адамнан жинақталған командада көрсетеді. 

 

🥳2002 жылы 19 желтоқсанда АҚШ-тың Хьюстон қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Бұл мектепте шамамен 20 оқушы білім алады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінген. Мысалы, 3-6 жастағы балалар «Балапан» тобында, ал 7-12 жастағы балалар «Тұлпар» тобында білім алады. Сабақ жексенбі күні толық дайындалған сыныптарда өткізіледі. Мұнда оқушылар “Әліппе”, қазақ өлеңдері, мақал-мәтелдер, халық әндері мен билерін үйреніп, домбырада ойнайды. Өткен жылы Филадельфияда тағы бір қазақ мектебі ашылды. 

👥19 желтоқсан — танымал екі ер адамның туған күні. 125 жыл бұрын тілі білімі саласындағы алғашқы қазақ профессор Құдайберген Жұбанов (1899-1938) дүниеге келді. Ахмет Жұбановтың үлкен ағасы латын әліпбиіне негізделген қазақ орфографиясын дайындауға белсенді түрде қатысты. Теория құрып, қазақ тілі бойынша көлемді зерттеу еңбектерін жазды. Ағартушы Қазақ Ғылым Академиясының ұйымдастырушыларының бірі болды. Алайда Кеңес өкіметі қоғам қайраткерін тұтқынға алып, ату жазасына кесті. Ал 1957 жылы ақталды. Сондай-ақ бүгін неміс актері және кинорежиссер Тиль Швайгер 61 жасқа толды. Көпшілікке ол  “Гонщик”, “Бесславные ублюдки”, “Король Артур” фильмдеріндегі рөлімен белгілі. Қала берді ол әйгілі фильмдердің режиссері ретінде де танымал. Мәселен, «Босиком по мостовой”, “Красавчик”, “Красавчик 2” фильмдерін атап айтуға болады.