«Үйде жатпа» күнтізбесі. 2 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 02 Мамыр, 2024


💫2019 жылдың 2 мамырында ЮНЕСКО 2020 жыл түгел түркінің абызы Тоныкөктің жазба ескерткішіне арналады деп шешті. Түркілердің руна жазбасы мен ескерткіштері айғақтағандай, Тоныкөк есімі Шығыс Түркі қағанатының қалануымен, Қытаймен күресте тәуелсіздік алумен тікелей байланысты. Ол жаулармен болған күресті құлыптасқа (Орхон-Енисей) жазба ретінде қалдырған жалғыз қолбасшы. Бұл жазбалардан тарихшылар қарсылас күштерді, олардың қару-жарақтарын, шайқас болған жерді және уақытын анықтай алды. Тоныкөктің асыл арманы – түркі халқын сыртқы және ішкі жаулардан тәуелсіз, азат ету еді.

 

📚Бүгін кітап сүйер қауым халықаралық Хәрри Поттер күнін атап өтеді. 2 мамырда Хогуартс мектебі үшін аңызға айналған әйгілі шайқас болып, Екінші сиқыршылар соғысы аяқталды. Дәл осы күні Хәрри қаскөй Лорд Волдемортты жеңеді. Хәрри Поттер кітаптары оқырманға сүйіспеншілікті, мықтылықты, батылдықты, мейірімділікті, мінезді болуды, төзімділікті, табандылықты үйретіп, көмегіңізге мұқтаж барлық адамға қол ұшын созуға шақырады. Бұған байланысты қызықты статистика бар. Оқырмандардың 61%-дан астамы Дж.К.Роулингтің аталмыш романы олардың дүниетанымына әсер еткенін айтқан.

 

Хәрри Поттер кітабының жанкүйерлерін осы күнмен құттықтаймыз! 

🐟2 мамырда БҰҰ бастамасымен дүниежүзілік тунец күні аталып өтеді. Бұл күннің мақсаты – ғаламшардағы балық көзінің сақталуына назар аударуға шақыру. Қазіргі таңда сұранысы жоғары тунецтің табиғатта 40-қа жуық түрі бар. Ал әлемде жыл сайын шамамен 7 миллион тонна тунец ауланады. Салмағы 278 кг болатын ең қымбат тунец 2019 жылы Жапониядағы аукционда 3,1 миллион долларға сатылды.

👥2 мамыр – қос тұлғаның туған күні. 112 жыл бұрын қазақтың тұңғыш опера әншісі, драмалық актриса Күләш Байсейітова (1912-1957) дүниеге келді. 1933 жылы Қазақ опера және балет театрының труппасына қабылданып, сол жерде өмірінің соңына дейін өнер көрсетті. 24 жасында КСРО халық әртісі атағын алып, талантымен шетел көрмендерінің арасында да танымал болды. Өнер иесін еске алу мақсатында республикалық вокалистер байқауы жыл сайын өткізіледі. Сонымен қатар бүгін атақты ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэм 49 жасқа толды. Ол “Манчестер Юнайтед”, “Реал Мадрид”, “Милан”, “Пари Сен-Жермен” сияқты клубтарда ойнаған. Англия құрамасының сапында Алматыға келіп, біздің командаға қарсы ойнады. Бекхэмнің есімі Google қосымшасында спорт тақырыбында ең жиі ізделген. Сонымен қатар ол танымал жарнамалық брендке айналды. Соның ішінде сән әлемін ерекше атап өтуге болады.

Сіздің қалаңызда Күләш Байсейітованың есімімен аталған қандай ғимараттар бар?