🔥ЮНЕСКО 2019 жылдың 2 мамырында 2020 жылды барша түркі жұртының ұлы ойшылы Тоныкөкке арнау туралы шешім қабылдады. Түркілердің руна жазбасы мен ескерткіштері айғақтағандай, Тоныкөк есімі Шығыс Түрік қағанатының құрылуымен, Қытаймен күресте тәуелсіздікті қайта алуымен тығыз байланысты. Ол — жауларымен болған шайқастарды құлыптасқа (Орхон-Енисей) жазба ретінде қалдырған жалғыз қолбасшы. Бұл арқылы тарихшылар жау күштерінің құрамын, қарулану деңгейін, шайқас өткен жер мен уақытын нақты анықтай алады. Тоныкөктің ең асқақ арманы — түркі халқының тәуелсіз, еркін өмір сүруі, ішкі-сыртқы дұшпандарға бағынбай, азат ел болуы еді.
📚Бүгін кітап сүйер қауым халықаралық Хәрри Поттер күнін атап өтеді. 2 мамырда сиқыршылар әлемінде аты аңызға айналған Хогвартс үшін шайқас өтіп, Екінші сиқыршылар соғысы аяқталды. Дәл осы күні Хәрри Поттер өмірінде ең көп азап әкелген — лорд Волан-де-Мортты жеңіп, зұлымдыққа қарсы тұра білді. Джоан Роулингтің бұл туындысы — оқырманға махаббат пен батылдықты, мейірімділік пен табандылықты, жақынға жәрдемдесуді, рухани беріктік пен қайсар мінезді ұғындырады. Бір қызығы, зерттеулерге сүйенсек, оқырмандардың 61 пайызынан астамы аталған роман олардың өмірлік көзқарасы мен дүниетанымына әсер еткенін айтқан.
Хәрри Поттер кітабының жанкүйерлерін осы күнмен құттықтаймыз!
👀2 мамырда БҰҰ бастамасымен дүниежүзілік тунец күні аталып өтеді. Бұл күн ғаламшардағы балық көзін қорғауға және сақтауға шақырады. Бүгінде табиғатта тунецтің шамамен 40 түрі бар, ал оның етін әлем халқы ең құнды ас ретінде тұтынады. Жыл сайын шамамен 7 миллион тонна тунец ауланады. Ең қымбат тунец 2019 жылы Жапониядағы аукционда 278 келі салмақта $3,1 миллионға сатылған. Бұл — адамзаттың теңіз байлығын бағалауы мен тұтынуының нақты көрінісі.
👥2 мамыр — қос тұлғаның туған күні. 113 жыл бұрын қазақтың тұңғыш опера әншісі, драмалық актриса Күләш Байсейітова (1912-1957) дүниеге келді. 1933 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ опера және балет театрының сахнасында өнер көрсетті. Талант иесі 24 жасында-ақ КСРО халық әртісі атағына ие болды. Оның есімі шетелдік сахналарда да құрметке бөленді. Бүгінде Күләш Байсейітованы еске алу мақсатында республикалық вокалшылар байқауы тұрақты өткізіліп келеді. Сонымен қатар бүгін атақты ағылшын футболшысы Дэвид Бекхэм 50 жас мерейтойын атап өтеді. Ол “Манчестер Юнайтед”, “Реал Мадрид”, “Милан”, “Пари Сен-Жермен” клубтарының құрамында өнер көрсеткен спортшы Англия құрамасы сапында Алматыға да келген. Бекхэмнің есімі бір кездері Google жүйесінде ең жиі ізделген спорттық тұлға ретінде тіркеліп, сән әлемінде де беделді брендке айналды.
Сіздің қалаңызда Күләш Байсейітованың есімімен аталған қандай ғимараттар бар?