«Үйде жатпа» күнтізбесі. 2 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 02 Сәуір, 2024


🤝Бүгін – Қазақстан әскери-теңіз күштерінің мерекесі. 1993 жылы 2 сәуірде Каспий теңізінің қазақстандық шекарасын қорғау үшін теңіз және жағалау артиллериясынан тұратын Қарулы Күштердің жеке бөлімі құрылды. 3 мыңға жуық адамды құрайтын Ақтау теңіз порты құрылымдардың негізгі базасы болып келеді.

 

Әскери-теңіз күштерінде жұмыс істейтін достарыңыз болса, мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз.

Бүгін – Халықаралық балалар кітабы күні. Аталмыш күн 1805 жылы 2 сәуірде дүниеге келген әлемге әйгілі ертегілердің авторы Ганс Кристиан Андерсеннің құрметіне арналған. Балалар өмірінде кітаптың алатын орны ерекше. Мұндағы суреттер, қызықты әңгімелер, ұйықтар алдында ертегі оқып берген сүйікті ада

мның дауысы кез келген адамның жадысында өмір бойы сақталады. Алайда соңғы жылдары кітаптың орнын телефон басып, балалар руханиятының қалыптасуы мен интеллектуалдық дамуына кері әсерін тигізуде. 

Балаларға арналған қазақ жазушыларынан кімнің кітабын оқуға кеңес берер едіңіз?

🥸2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм түсінігімен ақпараттандыру күні. Аталмыш дертке шалдыққан адамдарға әлеуметтік қарым-қатынас орнату қиынға соғады. Сондықтан сыртқы ортамен байланыс орнату олар үшін күрделі процесстің бірі. Көп жағдайда олардың мінез-құлқы басқаларға ұқсамайды және қызығушылықтары мен белсенділіктері төмен болып келеді. Бұл ауру нәсіліне және тұрғылықты жеріне қарамастан пайда болады. Аутист болып өмірге келген балалардың отбасында бір мәселе және ата-ана тарапынан оларға бірдей қамқорлық көрсетіледі. Мұндай жандар әлемнің толыққанды бір мүшесі болуы қажет. Олар мұны арнайы мамандар мен қамқор адамдардың көмегімен жасай алады. Қазақстанда аутизммен ауыратын 9 мыңға жуық бала тұрады.

🤩2 сәуір – қазақтың атақты екі тұлғасының туған күні. Бүгін музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Юрий Аравин 83 жасқа толды. Ол қазақ музыкасының тарихы туралы 100-ден астам басылымдар мен телешоулардың авторы. Оның “Абайды еске алуға арналған лирикалық поэмасы”, “Халық қаһармандары туралы үш поэмасы”, “Мұқан Төлебаевтың “Қазақстан” поэмасы” және басқа да көптеген шығармасы қазақ музыкатану ғылымына үлкен үлес қосты. Сонымен қатар бүгін кинорежиссер, сценарист, продюсер – Сламбек Тәуекел де 75 жас мерейтойын атап өтеді. Оның “Батыр-Баян”, “Махамбет”, “Ата-Жұрт”, “Жерұйық” фильмдерін көпшілік біледі. Сондай-ақ деректі және анимациялық фильмдерге де режиссерлік етті. Бірнеше рет Қазақстан Кинематографистер одағының басқарма мүшесі және хатшысы болып сайланды.

Ақсақалдарымызға ұзақ ғұмыр әрі шығармашылық табыс тілейміз!