«Үйде жатпа» күнтізбесі. 2 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 02 декабря, 2023


🙌2 желтоқсан БҰҰ бастамасымен халықаралық құлдыққа қарсы күрес күні аталып өтеді. Әлемде құлдыққа тыйым салынғанымен, оның қарқыны әлі де бәсеңдемей тұр. Бұл — қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейін екінші орында. Қазақстанда жыл сайын құл саудасы фактілері бойынша 100-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Қазіргі таңда құлдықтың ең танымал түрлері — жыныстық және еңбекке қанау. Құлдық саудаға адамдар түсініксіз жұмыс пен жоғары жалақыға келісу барысында тап болады. 

 

Құлдық туралы түсірілген қазақстандық телехикаяны арнайы шолуымыздан тамашалай аласыздар: https://youtube.com/shorts/4wfXagEqGSc?si=odAiwe3-oPlAKJr-

🎬2020 жылы 2 желтоқсанда режиссерлері Әзизжан Зайыров пен Мұхамед Мамырбековтың “Қыз бен теңіз” фильмі Францияда өткен Silk Road Film Awards – Cannes кинофестивалінде “Әлеуметтік тақырыптағы үздік фильм” жүлдесімен марапатталды. Фильмде ДЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің қиын тағдыры баяндалады. Оның бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру. Фильм “Мүгедек балалардың ата-аналар қауымдастығы” оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шәріпованың өмірінен алынған шынайы оқиғаға негізделген. Аталмыш фильм Азиялық Оскарды жеңіп алды. Сонымен қатар Лондонда, Барселонада және Башқұртстанда өткен кинофестивальдерде марапатқа ие болды. 

 

Фильмді интернет желісіне тегін тамашалауға болады.

🏵2 желтоқсан — 2D дизайнерлерінің кәсіби мерекесі. Аталмыш маман иелері ең алдымен компьютерлік ойындарды жасайтын компанияларда сұранысқа ие. Суретшілер атап айтқандай, олар “мультфильм стилінде” жұмыс істейді. 2D дизайнерлері көбіне кейіпкерлерді, олардың бейнесін, қимылдарын өздері ойлап табады. Содан соң сурет салады. Кәсіби мамандар 2D суретшілеріне алдымен Photoshop, Corel Painter, Adobe Flash немесе Illustrator бағдарламаларын меңгеруге кеңес береді. Бірақ бәрінен бұрын қиялға ерік беріп, табандылық пен еңбекқорлық танытқаныңыз жөн. 

 

Егер таныстарыңыздың арасында дизайнерлер болса, оларды кәсіби мерекесімен құттықтап қойыңыз!

👥2 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. 77 жыл бұрын итальяндық сәнгер әрі дизайнер, Versace халықаралық сән үйінің негізін қалаушы Джанни Версаче (1946-1997) дүниеге келді. Оның өмірбаяны ертегіге ұқсас. Себебі кедей отбасынан шыққан бала ғажайып қабілетті бойына сіңіріп, нағыз трендтер мен стиль әлемінің заңын қалыптастырды. 50 жасында талантты дизайнер Джанни Версаче дұшпандарының қолынан қастықпен қаза тапты. Осы кезде Versace сән империясының құны 800 миллион долларға бағаланған еді. Сондай — ақ бүгін американдық эстрада әншісі, актриса, Грэмми сыйлығының иегері Бритни Спирс 42 жасқа толды. 1999 жылы жарыққа шыққан алғашқы альбомы әншінің танымалдылығын арттырды. Мансап жолында 100 миллионнан астам альбом сатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Forbes поп-ханшайымның байлығын 60 миллион долларға бағалайды.