«Үйде жатпа» күнтізбесі. 20 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 20 февраля, 2025


🤔20 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік әлеуметтік әділдік күні аталып өтеді. Әлеуметтік әділдік қоғам мен экономиканың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, кедейлік деңгейін, теңсіздік пен әлеуметтік шиеленісті төмендетеді. Бұл күн бізге әділеттілік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығын еске салады, сондай-ақ жынысы, жасы, нәсілі, ұлты, діні, мәдениеті немесе мүмкіндігі шектеулі болуы себепті адамдардың алдынан шығатын кедергілерді жою қажеттігін көрсетеді.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба? 

 

👩‍💻2017 жылы 20 ақпанда “Қазақ елі” мультфильмі Каирде өткен халықаралық анимациялық фильмдер форумында бірден үш жүлдеге ие болды. 2D және 3D анимациясын қолдану арқылы түсірілген фильмде Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен хан болу жолы баяндалады. Сол жылы форумда Германия, АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, БАӘ, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды анимациялық фильмдер ұсынылған еді.

Мультфильмді әлі көрмесеңіз, YOUTUBE желісінен тамашалай аласыз.

👀Бүгін тәтті әуесқойлары қытырлақ қораз кәмпит күнін тойлайды. Пішіні шырша, балық немесе үй тәрізді болып келетін күйдірілген қанттан жасалған кәмпиттер 15 ғасырда пайда болды. Оның дәмі ерекше. Сонымен қатар емдік қасиеті де бар. Нақтырақ айтсақ, күйдірілген қант суық тию мен жөтелге көмектеседі. Бұл күн балалық шаққа саяхат жасап, бақытты естеліктерді еске түсіруге мүмкіндік береді. 

Қораз кәмпитті сағынып жүргендер бар ма?

 

 

👥20 ақпан — қос тұлғаның туған күні. 126 жыл бұрын қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов (1899-1938) дүниеге келді. Ол қазақ тілінде әдебиеттің болмауына қарамастан, қазақ балаларын сауатты болуға баулу жолында қолдан келгеннің бәрін жасады. Сонымен қатар алғашқы ауыл мектептерін ұйымдастырып, студенттік мәдени-ағарту үйірмелерін құрды. Оның бастамасымен 1919 жылы тұңғыш ақындар жиыны өтіп, оған Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаевтар қатысты. Алайда қоғам қайраткері Кеңес үкіметіне қарсы органдарға қатысы бар деген айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

Сондай-ақ бүгін барбадос әншісі, актриса, продюсер және дизайнер Рианна 36 жасқа толды. Ол Billboard тарихында он төрт мәрте бірінші орынға шыққан ең жас әнші. Өнер иесінің туындылары қай уақытта болмасын жоғары сатылым әкелді. 2021 жылы Барбадос Ұлыбритания билігінен шыққан кезде, Рианна ұлттық батыр деп жарияланды.

 

Сіздің қалаңызда Ораз Жандосовтың есімімен аталған қандай ғимараттар мен орындар бар?


Читайте по теме