«Үйде жатпа» күнтізбесі. 20 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 20 июня, 2023


🏵1992 жылы 20 маусымда Қазақстан ТҮРКСОЙ ұйымына кірді. Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы – халықтар арасында ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтауға әрі дамытуға көмектеседі. Осылайша болашақ ұрпаққа құндылықты жеткізу мақсатында түркітілдес елдерді біріктіреді. Ұйымның бас кеңсесі Анкарада орналасқан. 2015 жылы  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТҮРКСОЙ бөлімі ашылды. Қазақстан да Түркі мемлекеттері ұйымының мүшесі. Оның академиясы Астанада орналасқан. 

💫20 маусым – Халықаралық босқындар күні. Бұл күні БҰҰ босқындардың құқығы мен бостандығын қорғап жүрген белсенділерді анықтап, олардың  еңбегін Нансен сыйлығымен марапаттайды. Мәліметтерге сүйенсек, әлемде әр минут сайын 24 адам соғыс, қудалау немесе өз өмірлеріне қауіп төнуінен, үйлерін тастап кетуге мәжбүр. Әлемдегі қазіргі жағдай босқындар ағынын одан сайын арттыруда.  

👀20 маусым — Дүниежүзілік тиімділік күні. Тиімділік шығындардан немесе уақыттан алынған нәтижеге қатынасымен анықталады. Табысты адамдар жұмыстағы немесе өмірдегі білімі мен тәжірибесінің нәтижесінде тиімділік негіздерін меңгереді. Жеке тиімділікті арттыруға көмектесетін көптеген кітаптар бар. Сонымен қатар біздің арнамыздан осыған қатысты пайдалы ақпараттарды оқи аласыз.

 

Өнімділігіңізді арттырып, табысты жандардың қатарынан болыңыз! 

🫂20 маусым – екі атақты тұлғаның туған күні. 77 жыл бұрын халықаралық дәрежеде спорт шебері атанған тұңғыш қазақ боксшысы Әбдірашит Әбдірахманов (1946-2019) дүниеге келді. КСРО-ның екі дүркін чемпионы Америка, Еуропа және Африкада өткен халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. Ол Қазақстандағы жекпе-жек өнерінің дамуына орасан зор үлес қосты. Сонымен қатар Президентті қорғау үшін арнайы батальон дайындады. Актер ретінде ол 15 фильмге түсіп, танымал болды. Сондай-ақ бүгін австралиялық актриса, әнші, продюсер әрі ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі Николь Кидман 56 жасқа толды. Өнер иесі Австралиядан «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша Оскар алған — алғашқы австралиялық актриса. Голливудтың «даңқ аллеясының» атақты жұлдызы 80-нен астам фильмде басты рөлді сомдады.

 

Сізге Николь Кидманның қай фильмдері ұнайды?