🤗1992 жылы 20 маусымда Қазақстан ТҮРКСОЙ ұйымына қосылды. Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы – халықтар арасында ортақ материалдық және мәдени ескерткіштерді сақтауға әрі дамытуға көмектеседі. Осылайша болашақ ұрпаққа құндылықты жеткізу мақсатында түркітілдес елдерді біріктіреді. Ұйымның бас кеңсесі Анкарада орналасқан. 2015 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТҮРКСОЙ бөлімі ашылды. Сондай-ақ Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының мүшесі. Оның академиясы Астанада орналасқан.
😻20 маусым – Халықаралық босқындар күні. Бұл күні БҰҰ босқындардың құқығы мен бостандығын қорғап жүрген белсенділерді анықтап, олардың еңбегін Нансен сыйлығымен марапаттайды. БҰҰ дерегі бойынша, қазір әлемде әр минут сайын шамамен 24 адам туған жерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болады. Оған себеп — соғыс, қудалау және жеке өміріне төнетін қауіп. Қазіргі геосаяси жағдай босқындар санын арттыра түсті.
🙌20 маусым — Дүниежүзілік тиімділік күні. Бұл күннің басты идеясы – уақыт пен ресурсты орынды жұмсап, жоғары нәтиже көрсету.
Тиімділік – табысты адамдардың басты сипаттарының бірі. Ол – білім мен тәжірибенің жемісі. Жеке тиімділікті арттыру үшін пайдалы кітаптарды оқуға немесе күн сайын өз-өзіңізді дамытуға болады.
Бүгін — алға жылжуға, өнімді жұмыс істеуге серпін беретін күн.
Өнімділігіңізді арттырып, табысты жандардың қатарынан болыңыз!
👥20 маусым — екі атақты тұлғаның туған күні. 79 жыл бұрын халықаралық дәрежеде спорт шебері атанған тұңғыш қазақ боксшысы Әбдірашит Әбдірахманов (1946-2019) дүниеге келді. КСРО-ның екі дүркін чемпионы Америка, Еуропа және Африкада өткен халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанды. Ол Қазақстандағы жекпе-жек өнерінің дамуына орасан зор үлес қосты. Сонымен қатар Президентті қорғау үшін арнайы батальон дайындады. Актер ретінде ол 15 фильмге түсіп, танымал болды. Сондай-ақ бүгін австралиялық актриса, әнші, продюсер әрі ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі Николь Кидман 58 жасқа толды. Өнер иесі Австралиядан “Үздік әйел рөлі” номинациясы бойынша Оскар алған — алғашқы австралиялық актриса. Голливудтың «даңқ аллеясының» атақты жұлдызы 80-нен астам фильмде басты рөлді сомдады.
Сізге Николь Кидманның қай фильмдері ұнайды?