«Үйде жатпа» күнтізбесі. 20 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 20 марта, 2024


✔️20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыс ұйымдастырылады.

✍️Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық бақыт күні аталып өтеді. Иә, барлық адамға тән ортақ сезім — бақытты болу. Сол себепті ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күннің мақсаты халыққа басты міндеттерінің бірі бақытқа қол жеткізу екенін еске салу дейді. Осыған байланысты БҰҰ барлық мемлекетке әрбір адамның әл-ауқатын жақсартуға күш-жігерін жұмылдыруға шақырады. 

Барлық оқырманға шынайы бақыт тілейміз! 


🌍Бүгін — Халықаралық Жер күні.
Соғыс пен адамдар тарапынан жасалып жатқан антропогендік әрекеттер топырақ-ауаны, суды зиянды әрі радиоактивті заттармен ластап, тіршілік иелерінің денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Бұл күннің басты мақсаты – бәріміздің ортақ үйіміз жер бетінің жай күйіне назар аударту. Сонымен қатар халықты табиғатты аялауға, оған қамқорлық жасауға шақыру. Мереке арнайы осы күнге белгіленді. Себебі 20 наурызда күн мен түн теңеліп, тіршілік иелері оянып, дамудың жаңа кезеңі басталады.

 

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба

📣2019 жылдың 20 наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Себебі 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен болатын. Ал Тоқаев осы уақытта Парламент Сенатының төрағасы болды. Осылайша конституцияға сәйкес әрі Назарбаевтың отставкаға кетуіне байланысты ол президенттік қызметке келді. 3 айдан соң Мемлекет басшысын сайлау кезінде Тоқаев жеңіске жетті. Екі жыл бұрын ол 7 жылдық мерзімге қайта сайланды. 

👥20 наурызда дүниеге келген танымал ер адамдар. 155 жыл бұрын музыка сыншысы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевич (1869-1936) дүниеге келді. Оның “Қазақ халқының 1000 әні” және “Қазақтың 500 күйі мен әні” атты жинақтары көне дәуірден 1930 жылға дейінгі қазақ музыкалық фольклорының антологиясын ұсынады. Сонымен қатар қазақтың кәсіби фортепиано музыкасының негізін қалаушылардың бірі — “ Фортепианоға арналған қазақ әндері” жинағының авторы. 

Сонымен қатар 89 жыл бұрын ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев (1935-2011) дүниеге келді. Ол әлемнің бірнеше тіліне аударылған 40-тан астам өлеңдер мен жыр жинақтардың авторы. Тілендиев, Қалдаяқов, Бейсеуов сынды композиторлармен жазылған “Құстар әні”, “Құстар қайтып барады”, “Бақыт құшағында”, “Әнім сен едің” лирикалық әндері көпшілік арасында ерекше танымалдыққа ие. 1992 жылы оған түркі әлемінің Физули атындағы Халықаралық сыйлығы берілді.