🔥20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Қазақ халқы ерте заманнан бері мерекелерде түрлі сайыс ұйымдастырып, өздерінің ептілігі мен шеберлігін көрсеткен. Қазіргі таңда бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік секілді ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық қайта жанданып, қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту бойынша турнирлер де кең таралуда. Бұл жарыстар тек спорттық бәсеке ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрімен терең танысуға мүмкіндік береді.
Ал сіз спорттың қай түрімен айналысасыз?
☀️Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық бақыт күні аталып өтеді. Бұл күннің мақсаты – бақытқа ұмтылу жер бетіндегі барлық адамға ортақ құндылық екенін еске салу. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл мереке адамзат үшін бақыт ең басты мақсаттардың бірі екенін көрсетеді. Осыған орай, БҰҰ барлық елдерді азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға күш салуға шақырады.
Барлық оқырманға шынайы бақыт тілейміз!
🌍Бүгін — Халықаралық Жер күні. Соғыс пен адамдар тарапынан жасалып жатқан антропогендік әрекеттер топырақ пен ауаны, суды зиянды әрі радиоактивті заттармен ластап, тіршілік иелерінің денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсерін тигізіп жатыр. Бұл күннің басты мақсаты – бәріміздің ортақ үйіміз Жер бетінің жай күйіне назар аударту. Сонымен қатар халықты табиғатты аялауға, оған қамқорлық жасауға шақыру. Мерекенің арнайы осы күнге белгіленуі де кездейсоқ емес. Себебі 20 наурызда күн мен түн теңеліп, тіршілік иелері оянып, дамудың жаңа кезеңі басталады.
Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?
👥20 наурыз — әйгілі екі тұлғаның туған күні. 156 жыл бұрын музыка сыншысы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевич (1869-1936) дүниеге келді. Ол қазақ халқының музыкалық мұрасын жинап, “Қазақ халқының 1000 әні” және “Қазақтың 500 күйі мен әні” атты еңбектерін жарыққа шығарды. Бұл жинақтар қазақ музыкасының ғасырлар бойғы тарихын қамтитын құнды антологияға айналды. Сонымен қатар қазақтың кәсіби фортепиано музыкасының негізін қалаушылардың бірі ретінде “Қазақ әндері” атты фортепианоға арналған миниатюралар жинағын жазды. Сонымен қатар 90 жыл бұрын ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев (1935-2011) өмірге келді. Ол 40-тан астам поэтикалық жинақтың авторы. Оның өлеңдері әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ақынның “Құстар әні”, “Құстар қайтып барады”, “Бақыт құшағында”, “Әнім сен едің” сынды лирикалық әндері халық арасында ерекше танымал. Бұл әндер белгілі композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов және Ескендір Хасанғалиевпен бірлесе жазылған. 1992 жылы Тұманбай Молдағалиевке түркі әлемінің Физули атындағы халықаралық сыйлығы берілді.