«Үйде жатпа» күнтізбесі. 21 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 Сәуір, 2023


🌛 Бүгін мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы. Бұл күні мұсылмандықтың бес парызын орындап, бір ай бойы ауыз бекіткен жандар ауыздарын ашады. Аталмыш мейрам барлық өңірде таңның атуына байланысты мешіттерде айт намазымен басталды. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Ораза айт кешірім сұрап, әртүрлі игі істер атқаратын күн. Мысалы, сіз жақын адамдарыңызға қамқорлық жасап, мұқтаж жандарға көмектесе аласыз. Өйткені Рамазан айында ораза ұстау – Ислам дінінің бес парызы.

Ораза айт құтты болсын! 

🔐 Бүгін – Ұлттық қауіпсіздік мекемесіне қатысты арнайы ұйым – ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің күні. Мемлекеттік күзет қызметі 1995 жылы құрылды. Ал 2014 жылы оның құрамына Республикалық ұлан мен Президенттің күзет қызметі кірді. Сондай-ақ арнайы мақсатпен «Көкжал» жасағы құрылды. Ұйымның құрылымы мен штат санын Президент жеке өзі бекітеді.

 

Мемлекеттік күзет қызметіндегі достарыңыз болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

💥 21 сәуір – Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық шығармашылық және инновация күні аталып өтеді. Бұл күннің негізгі мақсаты  – адамның шығармашылық қабілетін дамытып, оның қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік жасау. Бүгінде әлемде шығармашылық салаларды капиталдандыру 3,6 трлн. долларды құрайды. Ғылым мен техника саласындағы инновациялық қызмет жер бетіндегі адамдардың өмір сүру деңгейін көтеруге, экономикалық салада – аштық пен кедейшілік мәселелерін шешуге ықпал етеді.

🍪 Бүгін тәтті әуесқойлары – Халықаралық пірәндік (прияник) күнін тойлайды. Осыған ұқсас кондитерлік өнім туралы алғашқы деректер ежелгі Египет пен Рим жазбаларында кездеседі. Тарихи тұрғыдан алғанда, пірәндік мерекенің символына айналды. Өйткені оның құрамындағы заттар күнделікті арзан заттар болмады. Бүгінгі таңда пірәндіктер үлкен және кішкентай, бал, қант, джем, жаңғақ және т.б. болып келеді.

 

Сізге пірәндіктің қай түрі ұнайды?