«Үйде жатпа» күнтізбесі. 20 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 20 апреля, 2025


🌝20 сәуір — Өмірдің мәнін іздеу күні. Бұл күні адамдарға бір сәт болса да ішкі әлеміне үңіліп, «Мен кіммін? Бұл өмірге не үшін келдім?» деген сұрақтарға жауап іздеуге мүмкіндік беріледі. Бір адам өмірінің мағынасын кәсіби жетістіктен тапса, енді бірі – адал да тәрбиелі ұрпақ өсіруден көреді. Әр дін де өмірдің мәнін өзінше түсіндіреді.

Ал сіз өмірдің мәні неде деп ойлайсыз?

📚Бүгін кітап сүйер қауым – Халықаралық климаттық фантастика күнін атап өтеді. Климат-фантастика немесе қысқаша Cli-Fi деп аталатын бұл жанр жаһандық жылыну мен климат өзгерістерін сипаттайды. Бұл күннің мақсаты – климаттың өзгеруінен туындайтын қауіптерді көркем шығармалар мен фильмдер арқылы адамзатқа жеткізу. Егер біз қазірден бастап әрекет етпесек, болашақта қандай қауіптер күтіп тұрғанын осы жанр жақсы ашады.

Cli-Fi жанрындағы қандай кітаптар мен фильмдерді ұсына аласыз?

🔥1991 жылдың 20 сәуірінде Атыраудағы Теңіз кен орнында алғашқы өнеркәсіптік мұнай өндірілді. Бұл – әлемдегі ең терең орналасқан мұнай кен орны саналады. Теңіздің барланған қоры 3 миллиард тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша ол әлемдік жіктемеде алып кен орындар қатарына жатады. 1993 жылы Қазақстан мен америкалық “Шеврон” компаниясы арасында бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойылып, еліміздегі ең ірі мұнай өндіруші кәсіпорын – “Теңізшевройл” құрылды.

Егер Теңізде жұмыс істейтін таныстарыңыз болса, бүгінгі мерекесімен құттықтап қойыңыз!

👤2001 жылы 20 сәуірде аты аңызға айналған The Beatles тобының негізін қалаушылардың бірі — сэр Пол Маккартни Ұлыбританиядағы алғашқы музыкант-миллиардер атанды. Ол бірнеше рет Гиннес рекордтар кітабына енген. Соның ішінде қазіргі заманның ең табысты музыканты әрі композиторы ретінде. 

Биыл ең бай музыканттар рейтингінде миллиардерлер қатарында алтауы бар: рэпер Джей Зи ($2,5 млрд), Тейлор Свифт пен Рианна ($1,4 млрд), Брюс Спрингстин ($1,2 млрд), Пол Маккартни ($1,2 млрд) және композитор Эндрю Ллойд Уэббер ($1 млрд).

Ал сіз өміріңізде қанша ақша тапқыңыз келеді?