«Үйде жатпа» күнтізбесі. 21 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 Мамыр, 2024


🌝21 мамыр – Қазақстанда Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл – маңызды әрі жауапты жұмыс болуымен қатар, үлкен қабілетті талап етеді. Аталмыш маман иелері ұлттық құндылықтарымызды сақтап, рухани мәдениетімізді байытуға зор үлес қосуда. Сол себепті материалдық игіліктерден бөлек, жанды нәрлендіріп, өмірді үйлесімділік пен мағынаға толтыратын рухани құндылықтар бар екенін әрқашан есте ұстаған жөн. Айта кетейік, сонымен қатар бүгін БҰҰ-ның қамқорлығымен диалог орнатып әрі даму үшін Дүниежүзілік мәдени әртүрлілік күні де аталып өтеді. 

Таныстарыңыздың арасында мәдениет және өнер қызметкерлері болса, кәсіби мерекесімен құттықтап қойыңыз! 

☕️Бүгін – Халықаралық шай күні. Оның отаны – Қытай мен Мьянма. Әлемдегі ең танымал сусын туралы ақпараттар алғаш рет 5000 жыл бұрын пайда болды. Көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда шай ежелден мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Мұнда шай ішу мен дайындаудың өзіндік дәстүрлері қалыптасқан.

 

Сізге шайдың қай түрі ұнайды? 

👍2012 жылы 21 мамырда Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата ауданында Әйтеке би кесенесі ашылды. Әйтеке би Байбекұлы (Айтық) – қазақ халқының бірлігін нығайтып, басын біріктіруде зор үлес қосқан қазақтың ұлы биі. Бұл кесене – бауырлас қазақ пен өзбек халқы арасындағы туыстық, достық қарым-қатынастың жарқын бейнесі. Айта кету керек, Ташкенттің орталығында Өзбекстанда және Қазақстанның бірқатар облысында “Қарлығаш би” атанған атақты Төле бидің кесенесі де орналасқан.

👥1904 жылы 21 мамырда Парижде  FIFA құрылды. Халықаралық футбол федерациясы 211 мемлекетті қамти отырып, футбол, шағын футбол және жағажай футболының негізгі басқарушы органы болып келеді. Қазақстан 1994 жылдан бері ФИФА мүшесі болып келеді. Қазір рейтинг бойынша 103-ші орында тұр. Ал ұлттық құрамалар рейтингінің алғашқы үштігіне Аргентина, Франция және Бразилия кіреді. 

 

Сіз қай команданың жанкүйерісіз?