«Үйде жатпа» күнтізбесі. 21 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 марта, 2025


👍21 наурыз — түркі және иран халықтары үшін күнтізбелік жаңа жылдың бастауы. Бұл мереке астрономиялық күнтізбе бойынша күн мен түннің теңелуіне сәйкес келеді. Бүгінде Наурыз Қазақстаннан бөлек, Әзербайжан, Албания, Үндістан, Қырғызстан, Түркия, Солтүстік Македония, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінде мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Сонымен қатар Ирактағы күрдтер мекендейтін аймақтарда, Татарстан, Башқұртстан және Дағыстанда кеңінен тойланады. Наурыз – адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген және БҰҰ-мен ресми танылған мереке. Әр халық бұл күнді өз тілінде түрліше атаса да – Навруз, Новруз, Невруз, Нооруз – оның мәні бәрімізге ортақ. Яғни, қыстың аяқталып, табиғаттың жаңаруын білдіреді. Ерте заманда қыстан аман шығу үлкен жетістік деп саналған, сондықтан Наурыз – үміт пен жаңа бастамалардың белгісі.

☀️Сондай-ақ 21 наурызда Ынтымақ күні аталып өтеді. Бұл мереке – қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлері мен мәдени құндылықтарының көрінісі. Ынтымақ күні – халықтың бірлігі мен ұлттық мұраны дәріптейтін мейрам. Аталған күн барша азаматты өзара сыйластыққа, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, әділ және гүлденген қоғам құру жолында бірлесе жұмыс істеуге үндейді.

Барша оқырмандарымызды Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Жаңа жыл берекелі болсын!

😍21 наурыз – Дүниежүзілік поэзия күні. Поэзия – ғасырлар бойы халық жүрегінен орын алған әрі түрлі мәдениетті тоғыстыратын ерекше өнер. Ең көне поэзиялық шығармалар біздің дәуірімізге дейінгі XXIII ғасырда жазылған деп саналады. Олардың авторы – аккад ханшайымы Эн-хеду-ана. Бүгінде поэзия елдер мен халықтарды жақындастырып, әртүрлі мәдениетті байланыстырушы күшке айналды. Өлең арқылы ақындар адамзаттың ортақ сезімдері мен ойларын жеткізіп, бізге бір-бірімізді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ұлтымыз бен болмысымыз бөлек болса да, бәріміз бір үлкен отбасы екенімізді еске салады.

👥21 наурыз – Халықаралық Даун синдромы бар адамдардың күні. Бұл күн ерекше жандарға қолдау білдіруге және қоғамдағы инклюзивтілікті дамытуға арналған. Даун синдромы – 21-ші хромосоманың артық көшірмесімен байланысты генетикалық ерекшелік. Ол бүкіл әлемде кездеседі және адамның моторикасына, денсаулығына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Жыл сайын әлемде 3000-5000-ға жуық бала осы синдроммен дүниеге келеді. Қазақстанда да мұндай ерекше жандар бар, олардың саны шамамен 3 мың. Олар ашықтығы мен мейірімділігі үшін “күн балалары” деп аталады.

Бұл күн – қоғамның әрбір мүшесінің бірегейлігі мен құндылығын еске салатын маңызды мереке.