«Үйде жатпа» күнтізбесі. 21 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 Наурыз, 2023


🌺Баршаңызды келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтаймыз! Түркі және иран халықтары жаңа жыл мерекесін астрономиялық күн күнтізбесі бойынша 21 наурыз күні тойлайды. Бүгін Қазақстаннан бөлек Әзірбайжан, Албания, Үндістан, Қырғызстан, Түркия, Македония, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдері де аталмыш мерекені қарсы алуда. Наурыз мейрамы Ирактың күрд аймағындағы Татарстан, Башқұртстан және Дағыстанда кеңінен тойланады. 2009 жылы Наурыз мейрамы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енсе, араға бір жыл салып БҰҰ 21 наурызды – Халықаралық Наурыз күні деп белгіледі. Әр халық Наурызды өз тілдерінде атайды. Мысалы, Навруз Новруз, Невруз, Нооруз деген атауларды кездестіруге болады. Атауы басқаша болғанымен,  мағынасы бірдей. Бұл – қыстың аяқталуын және аман-есен шығу деген мағынаны білдіреді.

📖Сонымен қатар бүгін – Дүниежүзілік поэзия күні. Мәліметтерге сүйенсек, ең көне өлең-әнұрандар біздің заманымызға дейінгі XXIII ғасырда жазылған. Оның авторы – аккад ханшайымы Эн-хеду-ана. Бүгінде поэзия – халықтарды, олардың мәдениетін біріктіріп, адамдардың бір-бірін түсінуіне көмектесуде. Ғасырлар бойы поэтикалық формада өрбіген ойлар мен сезімдер адам жүрегіне еніп, бәріміздің бір үлкен отбасы әрі бір-бірімізге өте ұқсас екенімізді еске салады.

 

Егер таныстарыңыздың арасында ақындар болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз! 🎉

👩‍⚕️Сонымен қатар 21 наурыз – Халықаралық Даун синдромы күні. Бұл – хромосоманың 21-ші жұбында трисомия болуына байланысты дамитын хромосомдық ауру. Аталмыш дерт әлемнің барлық аймағында жиі кездеседі. Әсіресе, адамның қозғалыс дағдыларының, физикалық сипаттамаларының және денсаулығының өзгеруіне әкеледі. Дүниежүзінде жыл сайын хромосомалық бұзылыспен шамамен 3000-5000 бала дүниеге келеді. Қазақстанда «шуақ» атанған Даун синдромымен ауыратын 3 мыңға жуық бала тұрады. 

💃 Бүгін тағы бір қызықты күндердің бірі – Халықаралық қуыршақ театры күні. Тарихшылар аталмыш өнер Ежелгі Римде, Жапонияда және Мысырда пайда болғанын айтады. Олар арнайы белдіктер мен будың көмегімен қозғалған. Бүгінде қуыршақ театры мыңдаған жылдар мен ондаған тарихи жолдарды өткерсе де, әлі күнге дейін балалар мен ересектер арасында үлкен қызығушылыққа ие. Қазақстанда 7 қуыршақ театры бар. Мұнда көрермендер әр қойылымнан тек жағымды эмоция мен қуаныш сезімін алады. 

 

Сіз қуыршақ театрына соңғы рет қашан бардыңыз? 👣