«Үйде жатпа» күнтізбесі. 21 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 апреля, 2025


👏21 сәуір – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құрылым – Мемлекеттік күзет қызметінің кәсіби мерекесі. Бұл қызмет 1995 жылы құрылған. 2014 жылдан бастап оның құрамына Республикалық ұлан мен Президент күзеті қызметі енді. Сонымен қатар Мемлекеттік күзет қызметінің жанынан «Көкжал» арнайы мақсаттағы тобы құрылған. Ұйымның құрылымы мен штаттық саны тікелей Мемлекет басшысының шешімімен бекітіледі.

Мемлекеттік күзет қызметіндегі достарыңыз болса, мерекесімен құттықтап қойыңыз!

🙌21 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық шығармашылық және инновация күні аталып өтеді. Бұл күннің негізгі мақсаты — адамның шығармашылық қабілетін дамытып, оның талантын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау. Бүгінде креативті индустриялардың ғаламдық ауқымдағы экономикалық үлесі 3,6 трлн АҚШ долларын құрайды. Ғылым мен техникадағы инновациялық жетістіктер адамдардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етсе, экономикалық салада – ашаршылық пен кедейшілік мәселелерін шешуге жол ашады.

😻Бүгін тәтті әуесқойлары халықаралық пірәнік (прияник) күнін тойлайды. Осыған ұқсас тәтті нан өнімі туралы алғашқы деректер ежелгі Египет пен Рим жазбаларында кездеседі. Тарихта бұл тағам мерекелік символға айналған, өйткені оның құрамындағы заттар арзан әрі күнделікті қолданыстағы өнімдерге жатпаған. Бүгінгі таңда пірәніктер үлкен және кішкентай болып келеді. Сонымен қатар салмасына бал, қант, джем, жаңғақ және т.б. заттар қосылады. 

 

Сізге пірәніктің қай түрі ұнайды?

💪Бүгін әлемдегі ең көне әрі ең әйгілі қалалардың бірі Рим 2778 жылдығын атап өтеді. Аңызға сүйенсек, қаланың негізін қалаған Ромул мен Рем есімді ағайынды бауырлар Тибр өзенінің бойынан жаңа қоныс іздеп, дәл осы жерде қала құрған. Тарихшылар Римнің негізі біздің дәуірімізге дейінгі 753 жылдың 21 сәуірінде қаланған деп есептейді. Қазіргі таңда Рим – Италияның астанасы. Оның сәулеті мен өнер туындылары бүкіл әлемдік мәдениетке орасан зор әсер етті. Ежелгі Рим форумының және Колизейдің қирандылары бір кездегі ұлы империяның даңқын көрсетеді. Ал Ватикан – католик шіркеуінің орталығы, өзінің Әулие Петр соборы және музейлерімен туристерді көптеп тартады.

Римге барғыңыз келе ме?