«Үйде жатпа» күнтізбесі. 22 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 22 февраля, 2024


🪖 22 ақпан – Халықаралық қылмыс құрбандарын қолдау күні. Бұл күн қылмыстық әрекеттен зардап шеккендерді қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда оларға көмек көрсету мақсатында әлемде 200-ге жуық бағдарлама жұмыс істейді. Алайда сіздің жеке қолдауыңыз ешқашан артық етпейді. Бейресми күнді атап өту 1990 жылдан бастау алды. Яғни, Ұлыбритания Министрлер кабинеті Қылмыс құрбандары хартиясын жариялап, Құрама Штаттарда жәбірленушілерге қатысты сот төрелігінің негізгі принциптерін қамтитын федералдық заң қабылданды.

 

Осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

🙉 Бүгін ерекше мерекелердің бірі жақсы көңіл күй сыйлау күні аталып өтеді. Қалай ойлайсыз, жақсы көңіл күй өздігінен пайда бола ма? Әрине, әбден мүмкін. Бұл көп жағдайда тікелей өзіңізге байланысты болып келеді. Сол себепті жиі қалжыңдаңыз, күліп жүріңіз, достарыңызға қуаныш сыйлаңыз, сүйіңіз және сүйікті болыңыз. Осы сәтте әлемнің мейірлене түскеніне көз жеткізесіз. Өмірдің қуанышын сезініп, өзіңізді бағалаған сәттен бастап, көңіл күйіңіздің көтерілгенін түсінесіз. 

 

Баршаңызға көтеріңкі көңіл күй тілейміз!

🐈 Бүгін Жапония елі мысықтар күнін тойлайды. Жапондықтар мысық тек “нян-нян-нян” деп мияулайтынын айтады. Ал “нян-нян-нян” — жапон тілінен “екі-екі-екі” деген мағынаны білдіреді. Осыған байланысты бұл мереке екінші айдың жиырма екінші жұлдызында аталып өтеді. Айта кетейік, аталмыш күнге орай мысықтардың әдеттері мен сүйікті тағамдарына байланысты арнайы атқару комитеті жұмыс істейді.

Қазақстанда мысықтар күні болғанын қалайсыз ба? 

👥22 ақпан өмірге келген танымал тұлғалар. 292 жыл бұрын АҚШ-тың алғашқы президенті әрі елдің негізін қалаушылардың бірі Джордж Вашингтон (1732-1799) дүниеге келді. Америкалықтар оны көрнекті әскери көшбасшы әрі революциялық соғыс аяқталғаннан кейін өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан басшы ретінде еске алады. Себебі Вашингтон жеке билік үшін емес, қоғам бостандығы үшін күрескен көшбасшы болды. Сонымен қатар 102 жыл бұрын қазақ кинорежиссері, сценарист әрі актер Мәжит Бегалин (1922-1978) өмірге келді. Ол — өз замандастары туралы және ХХ ғасырдың соңындағы қазақ еңбекшілері туралы көркем фильмдердің авторы. Мәжиттің режиссерлік шеберлігі Шоқан Уәлиханов, Бауыржан Момышұлы және Мәншүк Мәметова туралы тарихи-биографиялық жанрдағы фильмдерде де көрініс тапты. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері — көптеген кәсіби сыйлықтардың лауреаты.

 

Джордж Вашингтон доллардың қай купюрасында бейнеленген?