«Үйде жатпа» күнтізбесі. 22 қараша: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 22 Қараша, 2023


👶22 қараша – Дүниежүзілік ұл балалар күні. Отбасында ат ұстар азаматтың дүниеге келуі үлкен қуаныш болып саналады. Себебі кез келген ата-ана олардан үлкен үміт күтеді.  Сондықтан балаларының бойына мейірімділікті баулып, ерекше сүйіспеншілігін көрсетеді. Ұл бала – шаңырақтың иесі әрі отын тұтатушы деп есептелгеннен кейін қазақ оның бос белбеу болып өсуіне жол бермеген. Ал әкелер мұрагері болатынына қуанып, балаларына көлік жүргізуді, футбол ойнауды үйретеді. Бұл мерекені ұлы бар отбасылар атап өтеді. 

 

Барша ұлды осы мерекемен құттықтаймыз! 

🎓2021 жылдың 22 қарашасында АҚШ-тың Гарвард университетінде жұмыс істейтін тарихшы-ғалым Нұрлан Кенжеахмет Өскемен қаласының көне атауына қатысты құнды құжаттарды тапты. Оның айтуынша, америкалық Бенджамин Сэмюэль Леви есімді студент 2013 жылы “Жоңғар босқындары және қытайлық Цин-Қазақ шекарасында империяның құрылуы, 1759-1773” (“Jungar Refugees and the Making of Empire on Qing China’s Kazakh Frontier, 1759-1773”) тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Ағылшын тіліндегі материалды тек Гарвард кітапханасынан оқуға болады. Оның ғылыми жұмысында Өскеменннің бұрынғы, тарихи атауы – Кеңгір-Тұра сөзі үш жерде кездеседі. Айта кетейік, қазір Петропавл мен Павлодар қалаларының атын өзгертуге қатысты даулар бар. 

 

Сіз қалалардың атауын өзгертуді қолдайсыз ба?

🎬2019 жылдың 22 қарашасында қазақ режиссері Әділхан Ержанов ХІІІ Азия-Тынық мұхиты киноконкурсының жеңімпазы атанды. Режиссер “Смотри, смотри, человек” атты туындысы үшін Азиялық «Оскар” сыйлығының «Үздік режиссер” номинациясын иеленді. Байқауға Азия-Тынық мұхиты мемлекеттерінен 289 фильм бақ сынады. Сонымен бірге 2020 жылдың 22 қарашасында АҚШ-та «Томирис» фильмі әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығын жеңіп алды. Еліміздің тарихында тұңғыш рет қазақстандық фильм «шетелдік фильмде трюктерді қою» номинациясы бойынша үздік деп танылды.

👥22 қараша “Кек алушылар” фильмінің екі кейіпкері дүниеге келді. Бүгін американдық актер, продюсер  Марк Руффало 56 жасын атап өтеді. Өнер иесі «Эмми» сыйлығын екі мәрте жеңіп алды және «Алтын глобус» сыйлығының иегері. Руффало «Кек алушылар» супер қаһармандық фильміндегі Халк – доктор Брюс Бэннер рөлінен кейін көпшілікке ерекше танылды. Сондай – ақ бүгін американдық актриса Скарлетт Йоханссон 39 жасқа толды. Ол 2018 және 2019 жылдарда ең көп жалақы алатын актриса атанды. Оның қатысуымен түсірілген фильмдер әлем бойынша 14,3 миллиард доллар жинады. Көпшілікке ол «Темір адам 2» фильмінде алғаш рет ойнаған арнайы агент Наташа Романоф рөлімен танымал.

 

Сізге қай өнер иесі ұнайды: Марк Руффало немесе Скарлетт Йоханссон?