💐22 наурыз – Жыл басы. Бұл күн – халқымыздың байырғы дәстүрлеріне, ұлттық мәдениетінің терең тамырларына сүйенген жаңа кезеңнің бастауын білдіреді. Еліміздің түкпір-түкпірінде этноауылдар бой көтеріп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен таныстырылады. Ата-бабалар рухын сезініп, көненің көзіне айналған құндылықтарды жаңғыртуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, бұл күні Наурыз мерекесіне орай көше безендіру мен ұлттық нақыштағы көркем безендірулерге арналған байқаулардың қорытындысы шығарылады.
👀Бүгін — Халықаралық таксистер күні. 1907 жылы 22 наурызда Лондон көшелерінде алғашқы таксометр орнатылған автокөліктер пайда болды. Лондондық жүргізушілер құрылғыны француздың “такс” (“төлем”) және гректің “метрон” (“өлшеу”) сөздерінен құралған “таксометр” деп атады. Содан бері жеке қалалық көлік “такси” деп аталып, жүргізушілер “таксист” деген атауға ие болды. Бүгінде Қазақстанда шамамен 150 мыңға жуық адам такси қызметімен айналысады. Егер таныс таксистеріңіз болса, олардың кәсіби мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!
👋130 жыл бұрын тарихта алғашқы көпшілікке арналған киносеанс өтті. 1895 жылы 22 наурызда Парижде француз фотоөнеркәсібінің дамуына арналған конференцияда ағайынды Жан Луи мен Огюст Люмьерлер алғаш рет көпшілікке кинофильм көрсетті. «Фабрикадан шыққан жұмысшылар» атты бұл бір минуттық қара-ақ, дыбыссыз фильмде зауыт жұмысшыларының еңбек күнінен кейін ғимараттан шығып келе жатқан сәті бейнеленген. Бүгінде мұндай сюжет бізге қарапайым көрінуі мүмкін, алайда сол заманда бұл нағыз таңғажайып жаңалық еді.
Фильмді мына сілтеме арқылы көре аласыз: https://www.youtube.com/watch?v=Zhw78tlCWgk
👥22 наурыз – қазақтың қос тұлғасының туған күні. 123 жыл бұрын ұлттық драматургияның негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған Ғабит Мүсірепов (1902-1985) дүниеге келді. Ол “Қыз Жібек” музыкалық драмасының, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” пьесасының, “Ұлпан” романының және басқа да атақты шығармалардың авторы. Жазушының шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылып, қазақ әдебиетінің даңқын асқақтатты. Сонымен қатар 76 жыл бұрын әнші, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов (1949-1992) дүниеге келді. Ол Құрманғазы атындағы консерваторияда халық әні кафедрасын құруға бастамашы болып, оның алғашқы меңгерушісі атанды. Жәнібек Кәрменовтің орындауында Ақтамберді, Бұқар жырау және Шәкәрімнің шығармалары алғаш рет көпшілікке ұсынылған. Сонымен бірге ол “Ақылбайдың әні”, “Ғашықтың тілі”, “Махаббат әні” кітаптарының авторы.
Сіздің қалаңызда Ғабит Мүсіреповтің есімімен аталған қандай ғимараттар бар?