«Үйде жатпа» күнтізбесі. 22 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 21 Желтоқсан, 2022


☑️ Бүгін – Қазақстанда мұрағатшылар күні. Олар құнды деректерді көздің қарашығындай сақтайтын әрі тарихтың бұрмалануына жол бермейтін жандар. Аталмыш мамандар жыл сайын желтоқсанның 22-сі өздерінің төл мерекелерін атап өтеді. Қазақстан тарихындағы алғашқы мемлекеттік мұрағат 1921 жылы Орынборда – Қазақ АССР-нің бірінші астанасы болып құрылды. 100 жылдық тарихында Орталық мемлекеттік мұрағат бай және қайталанбас тарихи құжаттарды біріктіре білді. Сондай-ақ өзінің даму жолы мен ішкі дәстүрі қалыптасқан әлемдегі ең ірі мұрағаттардың біріне айналды.

Егер таныстарыңыздың арасында мұрағатшылар болса, оларды төл мерекесімен құттықтап қойыңыз!

☑️22 желтоқсан – Халықаралық бард әндері күні аталып өтеді. “Бард” сөзі қазақ тіліне аударғанда жырау, ақын деген мағынаны береді. Бұл бағыт жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында пайда болды. 50-60 жылдарда ерекше қарқынмен дамыған аталмыш жанр көбіне жастар арасында кең танымалдылыққа ие болған. Алайда Кеңес одағының идеологтарының бұл мәдениеттің пайда болуына ешқандай қатысы жоқ. Бәрін жасап шығарған сол кезеңдердегі талапты да, талантты жастар. Нақтырақ айтсақ, Мемлекеттік Мәскеу университеті мен Ленин атындағы педагогикалық университеттің студенттерінің қосқан үлесі зор. Музыка мен поэзияда шекара болмағандықтан, бұл бағыт жыл сайын жақын және алыс шет елдердің орындаушы авторларымен бірге аталып өтеді. Олардың шығармашылық кездесулері тікелей эфирде де, желіде де өткізіледі.

Ал сіз қазақ бардтарынан кімді білесіз?

☑️Екі жыл бұрын БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған бюстің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға бөлім басшылығы мен қызметкерлері, бірқатар БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері қатысты. Абайдың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген дана да, ой саларлық сөздері енді БҰҰ қауымдастығындағы бейбітшілікті, бірлікті және көпжақты дипломатияны нығайтуға септігін тигізетініне сенімдіміз. 

Әлемнің қай қалаларында Абай ескерткіштері орнатылған?

☑️22 желтоқсан өмірге келген танымал тұлғалар. 164 жыл бұрын итальяндық опера композиторы – Джакомо Пуччини дүниеге келді (1858-1924). Ол әйгілі “Богема”, “Мадам Баттерфляй” және “Турандот” операларының авторы. Оның туындылары Верди мен Моцарттың опералары сияқты әлемде жиі орындалады. Оның құрметіне Меркурийдегі кратер аталған. 

Сонымен қатар 22 желтоқсан 60 жылдық мерейтойын ағылшын актері, продюсері, режиссері – Рэйф Файнс атап өтеді. Оған «Гарри Поттер», «Список Шиндлера» фильмдеріндегі және Дмеймс Бондтың соңғы эпизодтарындағы рөлдері танымалдылық әкелді. Ол өзінің мансап жолында 60-тан астам фильмдерде ойнады. 

 

Сізге Рэйф Файнстың қай фильмі ұнайды?