«Үйде жатпа» күнтізбесі. 23 ақпан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 23 февраля, 2025


👤23 ақпан — нағыз ер-азаматтар күні. Бұл күннің ресми мәртебесі жоқ, бірақ дәстүрлі түрде аға буын өкілдері арасында ерекше аталып өтеді. Аталған күні әдетте әскерде немесе түрлі күш құрылымдарында қызмет еткен азаматтарды, сондай-ақ КСРО кезеңіндегі соғыстар мен әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлерді құттықтайды. Ал Қазақстанда Отан қорғаушылар күні 7 мамыр болып белгіленген. Бұл – ресми мемлекеттік мереке әрі демалыс күні.

🤝Бүгін — Дүниежүзілік өзара түсіністік пен бейбітшілік күні. 1905 жылы 23 ақпанда Чикаго қаласының төрт тұрғыны достық кездесуде халықаралық достық пен іскерлік ынтымақтастық клубын құру туралы шешім қабылдады. Бұл ұйым Rotary International деп аталып, оның басты мақсаты – нәсіліне, ұлтына, дініне немесе саяси көзқарасына қарамастан, жер бетіндегі адамдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту болды. Бүгінде әлем бойынша Rotary International-дың 33 мыңға жуық бөлімшесі жұмыс істейді, олардың қатарында Қазақстандағы өкілдіктері де бар.

Сіз осындай бастамаларды қолдайсыз ба?

👍🏻1995 жылы 23 ақпанда Лондонда Абай үйі ашылды. Ұлыбританиядағы Қазақстанның мәдени орталығында әдеби кештер мен әлемдік мәдениет қайраткерлерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Лондондағы Абай үйінің негізін қалаушы — қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаев.

Тағы қай қалаларда Абай үйі бар? 

👥23 ақпан — атақты қос әйелдің туған күні. Бүгін қазақстандық скрипкашы Гауһар Мурзабекова 69 жасқа толды. Ол — “Camerata Kazakhstan” мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі әрі солисі. Парижде өткен халықаралық камералық ансамбльдер байқауының лауреаты. Сонымен бірге бүгін америкалық актриса және модель Дакота Фэннинг 31 жасын атап өтеді. Ол актерлік мансабын 6 жасында бастады. Осылайша 60-тан астам фильм мен телехикаяға түсті. Көпшілік оны “Қаһар” және “Әлем соғысы” фильмдерімен таниды.  Дакота Фэннинг — көптеген марапаттың иегері және Экран актерлер гильдиясы сыйлығына ең жас үміткер. 

 

Сізге Дакота Фэннингтің қандай фильмі ұнайды?