«Үйде жатпа» күнтізбесі. 23 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 23 мая, 2023


💪Бүгін спорт сүйер қауым — Халықаралық күрес күнін атап өтеді. Аталмыш спорт түрі Ежелгі Грекияның өзінде Олимпиада ойындарының сәні болды. 1904 жылы 23 мамырда Венада күрестен бірінші әлем чемпионаты басталды. Ал 2013 жылдан бері бұл күн ресми түрде тойланып келеді. Қазақстанда күрес — ұлттық спорт түрі. Осы сала бойынша спортшыларымыз әлемдік жарыстарда ұдайы жеңімпаз атанып, жүлделер иеленіп келеді.

 

Қазақтың қай балуанын білесіз?

👩‍⚕️23 мамыр — Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Халықаралық акушерлік жарақаттан алдын алу күні аталып өтеді. Патологиялық босану кезінде ректовагиналды жарақат пайда болуы мүмкін. Сәйкесінше, қынап пен тік ішек арасының зақымдалуынан, беймезгіл уақытта зәрдің шығып кетуіне немесе  денсаулыққа басқа да қауіптің төнуіне әкеледі. Бұл күн халықаралық қоғамдастықтың назарын босану кезіндегі ауыр жарақаттарға назар аударуға шақырады. Мұндай мәселелер көп жағдайда білім мен медициналық көмектің қолжетімсіз болуынан, әйелдердің босану кезіндегі ақпараттан хабарлығының төмен болуынан, ерте жаста баланы өмірге әкелуден туындайды.

🐢23 мамыр — Дүниежүзілік тасбақалар күні. Бұл ебедейсіз, бірақ өте сүйкімді жануарлар туралы көптеген мифтер кездеседі. Мысалы, олар 300 жыл өмір сүре алады. Шындығында, тасбақаның орташа өмір сүру ұзақтығы кем дегенде 30 жыл, ал ең ұзағы 130 жыл. Қазір тасбақалар толығымен жойылу алдында тұр. Бұған себеп — браконьерлер мен басқа жануарлардан төнетін қауіп. Сондықтан аталмыш күннің мақсаты — қоғамды осы мәселеге бей-жай қарамауға шақырады. 

👥23 мамыр дүниеге келген танымал тұлғалар. 140 жыл бұрын американдық актер, дыбыссыз кино дәуірінің ең жарық жұлдыздарының бірі — Дуглас Фэрбенкс (1883-1939) дүниеге келді. Ол «Оскар» сыйлығын тапсыратын Кинематография өнері және ғылым академиясының негізін қалаушы әрі бірінші президенті. Сонымен қатар 99 жыл бұрын «Алтын адамды» тапқан қазақ археологы Кемал Ақышев (1924-2003) дүниеге келді. Қазақ археологиялық мектебінің негізін қалаушылардың бірі 200-ден астам ғылыми еңбек пен 15 кітап жазды. Сондай-ақ дүниежүзілік маңызы бар Сарыарқаның тарихи ескерткіштері, Бесшатыр қорғандары, Отырар ескерткіштері туралы ғылыми мәліметтер жинаған. Оның есімі Қазақстанның Құрмет Алтын кітабына жазылған.