«Үйде жатпа» күнтізбесі. 23 маусым: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 23 Маусым, 2023


👮‍♂️Бүгін – Қазақстан Полициясы күні. 1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заңды қабылдады. Бұл еліміздегі полицияның қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болды. 2021 жылғы деректерге сәйкес, 100 000 қазақстандыққа 372 полиция қызметкері келеді.

🧑‍💻Бүгін – Халықаралық мемлекеттік қызметкерлер күні. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымы  23 маусымды БҰҰ-ның Мемлекеттік қызметкерлер күні деп бекітті. Сонымен қатар БҰҰ мүше мемлекеттерді дәл осы күнді Мемлекеттік қызметкерлер күні деп тануға шақырған болатын. 2013 жылы Елбасының Жарлығымен Қазақстанда да бұл күн Мемлекеттік қызметкер күні болып бекітілді. Осылайша, мемлекеттік қызметте жүрген 90 мыңнан астам қазақстандық кәсіби мерекесін осы күні атап өтеді. 

Егер таныстарыңыздың арасында мемлекеттік қызметкерлер мен полицейлер болса, оларды кәсіби мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз!

 

✏️ Сонымен қатар 23 маусым – Халықаралық Олимпиада күні. 1894 жылы 23 маусымда Сорбоннада өткен спорт конгресінде Пьер де Кубертеннің Олимпиада ойындарын қайта жаңғырту туралы бастамасы қолдау тауып, Халықаралық Олимпиада комитеті құрылды. Бұл күннің мақсаты – олимпиадалық құндылықтар мен міндеттерді насихаттау, олимпиадалық қозғалысты және жалпы спорт туралы ақпараттарды кеңінен таныстыру. Сондай-ақ халықты дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын ұстауға шақыру. 

 

Париж-2024 олимпиадасында спортшыларымызға жеңіс тілейміз! Жүлделі медальдарды еншілеуіне тілектеспіз!

🎉Бүгін – атақты екі адамның туған күні. 129 жыл бұрын махаббат үшін тақтан бас тартқан Ұлыбритания королі Эдуард VIII (1894-1972) дүниеге келді. Ол 1936 жылы таққа отырды. Алайда тек 10 ай патшалық қызметін атқарды. Себебі үкімет оған ажырасқан әйел Уоллис Симпсонға үйленуге келісім бермеді. Осылайша Эдуард VIII тақтан бас тарту туралы актке қол қойды. Бұл тақ мұрагеріне қайшы әрекет еді. Алайда ол өз таңдауын жасап, себебін түсіндірді. «Король міндеттерін өзім сүйетін әйелдің қолдауынсыз және көмегінсіз атқара алмаймын деп шештім», – деді Эдуард VIII. Бүгін футбол тарихындағы ең ұлы ойыншылардың бірі Зинедин Зидан 51 жасқа толды. Әлем чемпионаттарының, Еуропаның, Чемпиондар лигасының жеңімпазы үш мәрте әлемнің үздік футболшысы деп танылды және өз заманының ең қымбат ойыншысы болды.

Сіздің ойыңызша Эдуард VIII бен Ханзада Харри бір-біріне ұқсай ма?