«Үйде жатпа» күнтізбесі. 23 желтоқсан: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 23 Желтоқсан, 2022


☑️ Бүгін өте қызықты күн. Себебі 23 желтоқсан – Адамның ішкі жарығына арналған мереке аталып өтеді. Бұл ақыл, парасаттылық, жанашырлық, адалдық, ізденіс сынды құндылықтарға тікелей бағытталған. Меркенің діни жоралғыларға ешқандай қатысы жоқ. Жай ғана адамның өз ішкі нұрын сезініп, оны бағалауға арналады. Уильям Шекспирдің: «сіз сұлулыққа ғашық бола аласыз, алайда шынайы махаббат тек ішкі жан дүниеңде” деген әлемге әйгілі дәйексөзі бар.  Мұнда айтқысы келгені: адамның ішкі жарығы арқылы сіз оны танисыз, білесіз және сезінесіз.

Сол себепті ішіңіздегі жарықты сөндіріп алмаңыз!🔥

☑️ Бүгін – Бүкіләлемдік сноуборд күні. Әлемдегі сноубординг күнін алғаш рет 2006 жылы Еуропада өткізу ұйғарылды. Бұл мереке сноубордты жаны сүйетіндердің басын біріктіреді. Аталмыш күн қысқы маусымның ресми ашылуымен тұспа-тұс келеді. Осы кезде көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтатын болсақ, кәсіби спортшылар сноуборд сабағын өткізеді, жарыстар мен концерттер ұйымдастырылады. Соңғы жылдары танымалдылығы артып келе жатқан сноубординг спортшылардан физикалық дайындықты ғана емес, жақсы көңіл күйді де талап етеді. Қазақстандағы шаңғы тебетін орындар мереке қарсаңында өз азаматтары үшін бір күнге болсын тегін пайдалануға береді деп үміттенеміз. 

Сізге қайсы ұнайды: сноуборд немесе шаңғы?

☑️ 23 желтоқсан – бажалар күні аталып өтеді. Бұл мерекені кімнің және қашан ойлап тапқаны белгісіз. Мәселен, жаңа жыл кезінде немесе басқа да мерекелер қарсаңында бажасымен бас қосқанды ұнататын адап ойлап табуы мүмкін.

 

Егер сіздің бажаңыз болса, онда мерекесімен құттықтап қойыңыз!

☑️ 23 желтоқсан дүниеге келген Қазақстанның танымал тұлғалары. 85 жыл бұрын композитор, Қазақстанның Халық әртісі және жүздеген симфониялық шығармалардың авторы – Мыңжасар Маңғытаев (1937-2011) дүниеге келді. Ол 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын Қ.Қожамияровтың класы бойынша бітірді. Осы жылы еңбек жолын Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің өнер басқармасында аға инспектор болып бастады. 1969-1976 жылдары «Жазушы» баспасы өнер және музыка редакциясының бас редакторы қызметтерін істеді. 

Шығармашылық жолында Мыңжасар Маңғытаев «Отырар» операсын, «Қозы мен Баян» балетін, «Арман», «Құлагер» симфониялық поэмаларын, «Шексіз махаббат» ораториясын, «Ақсақ құлан», «Қаратау әуендері» атты хорға арналған поэмаларын, ұлы Абайдың өлеңдері бойынша бірнеше әуен жазды. 

Сонымен бірге бүгін жеңіл атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері – Ольга Шишигина 54 жасқа толды. Ол 2000 жылы өткен олимпиадада алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 100 метрлік кедергілерден әлем чемпионы атанды. Оның осыған ұқсас жеңістері мен жетістіктері көп. Мәселен, ол мансаптық жолында жаңа рекордтар орнатып, айтулы марапаттардың иегері болды. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін саясатқа көшті.

 

Қазақстандықтар арасында жеңіл атлетикадан олимпиадада тағы кім алтын жеңіп алғанын білесің бе?