🗣Бүгін әлем ғалымдары эволюция күнін атап өтеді. Бұл күн Чарльз Дарвиннің “Табиғи сұрыпталу арқылы түрлердің пайда болуы немесе тіршілік үшін күресте оңтайлы нәсілдердің сақталуы” еңбегінің жарияланған күніне орай таңдалды. Кітапта Дарвин алғаш рет өзінің эволюциялық теориясын оқырманға кеңінен таныстырады. Аталмыш кітап эволюциялық биологияға негізделген. Ол тұңғыш рет 1859 жылы 24 қарашада жарық көрді.
Дарвин теориясы қаншалықты шындыққа жанасады деп ойлайсыз?
🤗24 қарашада тағы бір қызық мереке — Достар табу және адамдарға ықпал ету күні. Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес. 1888 жылы 24 қарашада атақты америкалық психолог Дейл Карнеги дүниеге келді. Ол — “Дос табу және адамдарға ықпал ету” кітабының авторы. Соған орай бүгін Карнегидің кітаптары ерекше насихатталып, сатылымы жоғары болады. Сонымен қатар мектептер мен университеттерде жастардың әлеуметтік ортаға әсер етуіне көмектесетін тақырыптарда лекциялар, семинарлар мен пікірталастар ұйымдастырылады.
Дейл Карнегидің кітаптарын оқуға кеңес береміз! Себебі мұнда жеке дамуға қатысты пайдалы ақпараттар беріледі.
👏24 қараша – ерекше әрі алып жануарға арналған мереке – Морж күні. Бұл күннің мақсаты табиғат қорғаушыларының назарын теңіз сүтқоректілерінің санының азаю мәселесіне аудару. Мұның басты себебі — климаттың өзгеруі және адамдардың іс-әрекеті. Жалпы алғанда, бұл барлық жануарға қатысты айтылады. Соңғы 500 жыл ішінде адамзаттың тікелей және жанама әсерінен 800-ден астам жануар түрі жойылып кетті. Популяция санының жылдық орташа азаюы шамамен 2%-ды құрайды.
Сіз табиғатты және жануарларды қорғауға бағытталған бастамаларды қолдайсыз ба?
👥24 қараша — қазақтың атақты екі тұлғасының туған күні. 129 жыл бұрын қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сапарғали Бегалин (1895-1983) өмірге келді. Көптеген кәсіби және мемлекеттік сыйлықтардың иегері 25 поэма, 12 повесть, 9 бір актілі пьеса, әңгімелер, романдар мен ән сөздерін жазды. Оның “Сәтжан” повесі бірнеше рет басылып, әлемнің көптеген тіліне аударылды. Сондай-ақ 70 жыл бұрын таэквондодан жеті дүркін әлем чемпионы Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) дүние есігін ашты. Ол Түркиядан қоныс аударған қазақ отбасында өмірге келді. Ал 1992 жылы Қазақстан азаматтығын алды. Мұстафа Өзтүрік — түрік және қазақ таэквондо мектептерінің негізін қалаушы. Қазақстанның көптеген қала көшелері Мұстафаның есімімен аталады. Сонымен бірге Алматы облысы Бесағаш ауылында спортшының құрметіне ескерткіш орнатылды.