«Үйде жатпа» күнтізбесі. 24 мамыр: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 24 Мамыр, 2024


🎮Бүгін – Дүниежүзілік бейне ойындар күні. 1972 жылы 24 мамырда теледидарға жалғап, үйде қолдануға болатын алғашқы Magnavox Odyssey ойын консолі ұсынылды. Бүгінде бұл ойын түрінің миллиондаған жанкүйері бар. Бейне ойындар нарығының айналымы 1 миллиард долларды құрайды. Ал әлем чемпионаттарындағы жүлде қоры ондаған миллион доллардан асады. Қазіргі таңда көптеген елде киберспорт қауымдастығы бой көтеріп үлгерді. Оның ішінде Қазақстанда да бар.

 

Егер сіз киберспортқа қызығушылық танытсаңыз,комментарийге жаза кетіңіз. Алдағы уақытта осы жайлы ақпаратты толығырақ тарқатып айтамыз.  

 

🩺24 мамыр – Дүниежүзілік шизофрениямен күрес күні. Ғалымдар оның пайда болуын генетикалық бейімділікпен, ми жарақатымен және стресспен байланыстырады. Өкінішке қарай, әлемде жыл сайын психикалық аурулар саны артып келеді. Бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам азамат психиатриялық науқастардың есебінде тұр. Олардың көпшілігі шизофрениямен ауырады. Бұл күннің мақсаты – шизофрения мәселесіне назар аудару және мүмкіндігінше олардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесу. 

 

🕺1956 жылы 24 мамырда Швейцарияда әлемдегі ең танымал бірінші музыкалық «Евровидение» ән байқауы өтті. Көптеген мемлекет Еуропадан тыс орналасуына байланысты аталмыш шоуда төбе көрсетпегенімен, оның ТВ аудиториясы әлем бойынша 600 миллион көрерменді құрайды. «Евровидение» ән байқауының арқасында бірқатар өнер иесі танымал болды. Мысалы, «АББА», «Шыңғысхан», Селин Дион және т.б атап өтуге болады. Жарыстағы жеңіс саны бойынша рекорд орнатқан мемлекеттер – Ирландия мен Швеция. Олардың әрқайсына 7 жеңістен тиесілі.

 

Биылғы “Евровидение” жеңімпазы кім екенін білесіз бе?

👥24 мамыр – қос тұлғаның туған күні. Бүгін ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин 36 жасқа толды. Оның екі салмақ дәрежесінде әлемдік төрт рекорды бар. 2008 және 2012 жылдары ол Олимпиада ойындарында алтын жүлдеге ие болды. Бірақ допинг қолданғаны үшін марапаттарынан айырылды. Сонымен қатар бүгін әнші әрі композитор Димаш Құдайберген 30 жас мерейтойын атап өтеді. Өнер иесі – “Жас қанат – 2012” және “Славян базары – 2015” музыкалық байқауларының жеңімпазы. Қытайдағы танымал “Singer” шоуының және америкалық The World’s Best таланттар шоуының қатысушысы. Сондай-ақ көптеген музыкалық марапаттардың иегері. Димаштың әндерін әлем халқы сүйіп тыңдайды. Сондықтан оның жан-жақта көрермендері бар әрі Қазақстанның негізгі визит картасы екені жасырын емес.

Сізге Димаштың қай әні ұнайды?