«Үйде жатпа» күнтізбесі. 24 наурыз: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 24 марта, 2025


👃Бүгін — Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. 1882 жылы 24 наурызда неміс ғалымы Роберт Кох туберкулез ауруын тудыратын бактерияны анықтап, бұл жаңалығы үшін Нобель сыйлығын алды. Қазіргі таңда туберкулез әлемдегі ең көп адам өліміне әкелетін инфекциялық аурулардың бірі болып қалып отыр. Жыл сайын бұл дерттен шамамен 1,5 миллион адам көз жұмады. Туберкулездің дамуына дұрыс тамақтанбау, темекі мен алкоголь өнімдерін тұтыну, есірткі қолдану, еңбек және тұрмыс жағдайының нашарлығы, сондай-ақ кейбір созылмалы аурулар әсер етеді. Дегенмен, Қазақстанда соңғы 20 жыл ішінде туберкулезге шалдығу көрсеткіші 4 есеге төмендеді.

Денсаулығыңызды күтіңіз және салауатты өмір салтын ұстаныңыз!

🧠24 наурыз — Халықаралық депрессиямен күрес күні. Депрессия алғаш рет ежелгі дәрігер Гиппократтың еңбектерінде сипатталған. Ол бұл ауруды “меланхолия” деп атап, оның басты белгілері ретінде көңіл күйдің түсуі, ұйқысыздық, тәбеттің жоғалуы, алаңдаушылық пен ашушаңдықты көрсеткен.

Депрессияның негізгі себебі – ағзадағы “бақыт гормондары” саналатын серотонин мен дофаминнің жетіспеушілігі. Бұл дертке шалдыққан адамдар үшін жақындарының қолдауы аса маңызды. Жылы сөз, шынайы жанашырлық пен қолдау кейде кәсіби терапиядан да күшті әсер етуі мүмкін.

Көңіл күйіңіз көтеріңкі болсын, ұсақ-түйекке бола уайымдамаңыз! 

💅Бүгін — маникюр шеберлерінің  кәсіби мерекесі. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл кәсіп түрі шын мәнінде табандылықты, ұқыптылықты және шығармашылықты талап етеді. Ежелгі Римде, Греция мен Мысырда маникюр адамның әлеуметтік мәртебесі мен байлығын білдіретін. Ал бүгінде оны кез келген адам жасата алады. Есіңізде болсын, жақсы күтім көрсетілген қолдар мен әдемі тырнақтар — ұқыптылық пен сенімділік беріп қана қоймай, айналадағы адамдарға эстетикалық ләззат сыйлайды.

Егер бүгін маникюр жасатуға барсаңыз, өз шеберіңізді мерекесімен құттықтауды ұмытпаңыз! 

👥24 наурыз — қазақтың екі атақты тұлғасының туған күні. Бүгін суретші, сәулетші, Қазақстан Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков 83 жасқа толды. 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне арналған байқауда оның жобасы 245 жұмыстың ішінен жеңімпаз атанды. Ол – Өзбекстанның еңбек сіңірген сәулетшісі және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сонымен қатар 82 жыл бұрын ақын-жазушы Рафаэль Ниязбеков (1943-2021) дүниеге келді. Ол көптеген поэзиялық жинақтың авторы. Одан бөлек проза да жазған. Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы, “Алаш” халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. Сонымен қатар ол көптеген кәсіби және мемлекеттік наградалардың иегері, Шешен Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапаты – “Ұлт намысы” орденінің иегері.

Рафаэль Ниязбековтің қай шығармасы ұнайды?