«Үйде жатпа» күнтізбесі. 24 сәуір: Есімдер, мерекелер, оқиғалар

Автор: редактор 24 апреля, 2025


👀24 сәуір — Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні. Бұл мереке жастардың әлеуметтік, экономикалық және психикалық мәселелеріне назар аударуға шақырады. Сонымен қатар, халықтар арасындағы достықты нығайту, жастардың құқықтары үшін бірлесе күресу және олардың мәселелерін шешуде бірігу мақсатын көздейді. Кез келген мемлекеттің болашағы – белсенді де бастамашыл жастардың қолында.

Сіздің ойыңызша, қазір Қазақстан жастары қандай мәселелерге тап болып жатыр? 

💪24 сәуір — Халықаралық шу туралы хабардар ету күні. Ірі қалаларда тұратын адамдар тек ауа ластануымен емес, сонымен қатар түнде де толастамайтын шудың әсерінен зардап шегеді. Көлік пен өндіріс орындарының дауысы, көрші пәтерлерден немесе мейрамханалардан естілетін қатты музыка, жол жөндеу жұмыстары – мұның бәрі адамның өнімділігінің төмендеуіне, физиологиялық және психологиялық сырқаттарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін дыбыс деңгейінің рұқсат етілген мөлшерін сақтау қажет.

👤Сонымен қатар бүгін Халықаралық мүсін күні аталып өтеді. Бұл мереке мүсін өнерінің мәнін түсіндіру, адамдардың осы өнер түрі жайлы білімін арттыру мақсатында белгіленген. Бүгінде әр қалада өзіндік бірегейлік пен ерекшелік сыйлайтын мүсіндер орнатылған.

 

Дүниежүзіндегі ең әйгілі мүсіндерді білесіз бе? 

👥24 сәуір — қос тұлғаның туған күні. 142 жыл бұрын қазақ дәрігері, педагог, Алаш-Орда халық кеңесінің мүшесі Халел Досмұхамедов (1883-1939) дүниеге келді. Өз ғұмырының көп бөлігін медицина саласына арнаған Халел қазақ ғылымының дамуына айрықша үлес қосты. Ол ұлттық мектеп жүйесін қалыптастыруға, қазақша ғылыми терминологияны жасауға белсене атсалысты. Оның еңбектері отандық оқулықтар тарихында ерекше орын алады. Кеңестік билік оны жалған саяси айыппен тұтқындап, Алматы түрмесінде қайтыс болған. 1958 жылы толық ақталды. Сонымен қатар бүгін француз сәнгері Жан-Поль Готье 73 жасқа толды. Ол — жоғары сән әлеміне жаңаша серпін берген дизайнер, Jean Paul Gaultier S.A. сән үйінің негізін қалаушы және президенті. Сонымен қатар «Бесінші элемент» сияқты танымал фильмдерге костюмдер жасаған, режиссёрлермен тығыз жұмыс істеген. 

 

Сіздің қалаңызда Халел Досмұхамедовтің есімімен аталған қандай орындар бар?